Аптадағы маңызды жаңалықтар

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы өтті

Мемлекет басшысы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Мінберден Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан – геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел” деді. Бұл сөздің жаны бар. Референдумды қоса алғанда 1 жылға жуық уақыт ішінде елімізде 5 бірдей өте маңызды саяси науқан өткізілді. Соның бірі – күні кеше ғана нәтижесі жарияланған депутаттар сайлауы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік.

Президентті мұқият тыңдап отырған депутаттар 5 жылға сайланды. Қасым-Жомарт Тоқаев халық қалаулылары саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деген сенім білдірді. Ал атқарар шаруа ауқымды. Өз сөзінде мемлекет басшысы Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойын ортаға салды. Әдеттегідей, әр сала қамтылды. Алайда, кәсіпкерлік жайлы жиі айтылды. Бұл бағытта тындырар іс аз емес.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы, алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек. Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді.

Парламентке Солтүстік Қазақстан облысынан елімізге белгілі диқан Еркебұлан Мәмбетовтың өткені мәлім. Теріскейліктер таңдаған азамат Президенттің ауыл шаруашылығы жайлы айтқанын мұқият тыңдағаны анық. Халық қалаулысымен телефон арқылы тілдесіп, жаңашылдық жайлы білдік.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Президент “Ауыл – ел бесігі”, “Ауыл аманаты” бағдарламалары жайлы айтты. Ауыл тұрғындарына 2 жарым пайызбен несие беріледі. Инфрақұрылым жақсарады.

Еркебұлан Мамбетовтың ойы ұшқыр. Ол алғашқы депутаттық сауалын дайындап та қойыпты.

ЕРКЕБҰЛАН МАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мемлекеттің бағдарламалары жылда ауыспау керек. Кем дегенде 5 жыл сақталуы тиіс. Нәтижеге жеткім келеді.

Жаңа дәуірге нық қадам жасалды. Ескерер жайт, мұнымен жаңа әрі әділетті Қазақстан құрылған жоқ. Алда отандастарымызды маңызды өзгерістер күтіп тұр. Биыл отандастарымыз тағы бір сайлаудың қатысушысы, куәгері атанады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз.

Жиын соңында Президент әділетті Қазақстан бір күнде құрылмайтынын қаперге салды. Қасым-Жомарт Тоқаев “барлығы бірліктің арқасында” дей келе халық таңдаған депутаттардың жұмысына табыс тіледі.

 

Байболат Култанов