Өнеркәсіп

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту

Аграрлы саналатын Солтүстік Қазақстан облысы біртіндеп индустриалды аймаққа да айналып келеді. Қазір өңіріміз өнеркәсіптің даму қарқыны
бойынша республикада 7-ші орында тұр. Былтыр сала өкілдері 490 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл 21-ші жылдағы көрсеткіштен 4% көп.

НҰРЖАН САДЫҚОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8% ұлғайды. Өткен жылы Қазақстанның ірі кәсіпорындарымен, оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін ұлттық компаниялармен, облыс кәсіпорындарымен шамамен 28 млрд теңге сомаға шарттар жасалды. Егер тапсырыс көлемін 2021 жылмен салыстыратын болсақ, онда зауыт өнімдеріне сұраныс 28% артқанын көреміз.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндама жасаған кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов жалпы деректен соң жалқыға көшті. Былтыр өңірімізде біршама өндіріс ошағы ашылғаны көпке мәлім. Жобалардың жүзеге асуына тартылған инвестиция септігін тигізді. Сала өкілдері биыл да аянбай тер төгеді. Үстіміздегі жылы облыста 10-нан астам жаңа кәсіпорын жұмысын бастамақ.

НҰРЖАН САДЫҚОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы сомасы 57,4 млрд теңге болатын 13 жоба іске қосылмақ. 1 мыңға тарта адам еңбекпен қамтылады. Соның бірі – «Масло-Дел» серіктестігіне қарасты май экстракциялау зауыты. Оның құны 23 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша 217 тұрақты жұмыс орны пайда болады.

Петропавлдағы бұл зауыт қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс ошақтарының бірі болмақ. Жүздесуде Нұржан Садықов қазір “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында қосымша 4 бастаманы жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Соның бірі – испан технологиясы бойынша керамикалық кірпіш өндірісі жобасы. Брифинг соңында спикер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Байболат Култанов