Қоғам

Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

“Мемлекеттік қызметті атқару – халық алдындағы жоғары жауапкершілікті талап етеді”, – деп санайды Арайлым Даниярова. Өзі қаржы бөлімінде оқыған. Маман Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімінде биылғы жылдың қаңтарынан еңбек етіп жүр.

АРАЙЛЫМ ДАНИЯРОВА, Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Мен үшін мемлекеттік қызметшінің ант беруі – зор мәртебе. Мемлекеттік қызмет – бұл үлкен берілгендік пен кәсіби көзқарасты қажет ететін жауапты жұмыс. Қазір біз мемлекеттік қызметтің негіздерімен танысып жатырмыз, соларды үйреніп жатырмыз. Ал бір жылдан кейін барлық жүктелген міндеттерді жан-жақты білуіміз қажет деп есептеймін.

Мемлекеттік қызметке жаңадан аяқ басқан Дархан Ермеков те бұл қызметтің зор жауапкершілігін сезінеді. 21 жастағы азамат қоғам игілігі үшін қызмет етуді бала кезінен армандаған. Былтыр жергілікті университетті “Құқықтану” мамандығы бойынша тәмамдаған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінде сынақтан өтіп, салтанатты түрде мемлекеттік қызметші атанды.

ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Департаментте сынақтан өтіп жүрген кезімде көп дүние үйрендім. Мәселен, Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын ұйымдастыру немесе азаматтардың өтініштеріне уақыттың тығыздығына қарамастан дер кезінде жауап беруге машықтанып алдым.

Жалпы, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өткен шарада 7 жас мемлекеттік қызметші ант қабылдады. Салтанатты жиынға түрлі бағытта еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Ал аға буын өкілдері жастарға баталарын беріп, ақыл-кеңестерін айтты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин «Жаңа Қазақстанның жаңа саясатына сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің қандай адам болатыны маңызды”,- дейді.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Біздің аға ұрпақ тәуелсіздігіміздің басында, тәуелсіздігімізді құру жолында үлкен еңбек етті. Енді оның тұғырлы болуы, еліміздің жарқын болашағына жас қызметкерлер өз үлесін қосса деген ниеттеміз. Президентіміз жаңа Қазақстан деген концепциясында халық үніне құлақ асатын мелмекет деген талабы, тапсырмасы өте маңызды. Себебі, мемлекеттік қызметкерлердің халық үнін естіп, халыққа қызмет қылса деген біздің ардагерлердің тілегі бар.

Жыл сайын мемлекеттік қызметте жастардың саны артып келеді. Бұл саланың тартымдылығы үшін жағдайлар жасалуда. Биылдан бастап грантта оқитын және үлгерімінің орташа балы 3,33-ті құрайтын жоғары оқу орындарының түлектері конкурстық іріктеуден өтпей-ақ мемлекеттік қызметке қабылдана алады.
Бейінді департамент басшысы Елена Степаненконың айтуынша, өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің жасы 40-тан аспайды.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметшілердің 38 пайызы – 30-дан 39-жасқа дейінгі азаматтар. Былтыр салаға жаңадан 324 адам қабылданды, оның 124-і – жастар.

Қазіргі уақытта өңірде мемлекеттік қызметте 4 мың адам жұмыс істейді. Оның дені – жастар.

 

Самал Жунусова