Қоғам

Депутаттарға артылған үміт

Сайлау – демократия жолындағы үлкен қадам. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова дәл осындай пікірде. Жерлесіміз ел таңдаған жандар ел өміріндегі маңызды мәселелерге селқос қарамайды деген сенімде. Ал өңірімізде шешуді қажет ететін проблемалар баршылық.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Қаламыздағы жылу электр станциясы 42-ші жылы жұмысын бастаған. Соның мәселесі ойландырады. Осы қуат ошағына барлығы байланысты және қалалық инфрақұрылымы жақсарғанын қалаймыз.

Бүгінде сайлаудың қорытындысы мәлім. Мәжіліске, түрлі деңгейдегі мәслихаттарға өткен депутаттармен тұрғындар танысып та үлгерді. Аламанның алдында келгендер – түрлі саланың өкілдері. Бірі – диқан, екіншісі – дәрігер, үшіншісі – кәсіпкер. Архив саласы өкілдері де бар. Сәуле Мәлікованың қос әріптесі аудандық деңгейде халық қалаулысы атаныпты.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Архив жетекшілері 2 аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Бұған өте қуаныштымыз. Халық қалаулылары қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытады деген сенімдеміз.

Ел тарихында мұндай сайлау болған емес. Саяси аламан мен оның қорытындысы талай архивтің табылдырығын тоздырып, талай томды парақтаған Анатолий Плешаковтың көңілінен шығыпты. Жергілікті университеттің еңбек сіңірген профессоры лайықты кандидаттар іріктелді деп санайды.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ еңбек сіңірген профессоры:

– Мен Мәжіліс пен мәслихаттардың жаңа шақырылымы халыққа бір табан жақын болады деп санаймын. Себебі, депуттарды біз таңдадық. Олар бізге жоспарларын көзбе-көз баян етті. Енді олардың алдында сол жұмыстарды жүргізу міндеті тұр. Лайықты тұлғалар таңдалды. Парламенттің төменгі палатасына өңірімізден агросектор өкілі бара жатқаны қуантады.

Сайлау нәтижесін асыға күткендердің бірі – республикалық тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының төрағасы Евгений Кинцель. Азамат жаңа форматтағы саяси додада бәсекелестік орнағанына разы.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, республикалық тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының төрағасы:

– Партия көп болса, ұсыныстар да көп болады. Бұл дегеніміз – ел өміріндегі мәселелер жан-жақты қамтылады. Саяси ұйымдардың атынан шыққан азаматтар өздерінің сайлаушылары алдында жауапты. Осыны ұмытпау қажет. Мен мұндай сайлауды қолдаймын!

Қоса кету қажет, өңіріміз бойынша сайлауда 384 мың адам таңдау жасау құқығына ие болды. Алайда, оның 65 пайызы ғана дауыс берді. Бұл – облыстар арасындағы елдегі екінші көрсеткіш.

 

Байболат Култанов