Қоғам

Петропавлда “Бауырсақ-Fest” сайысы өтті

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Бауырсақ Fest! Бұл байқау жыл сайын Наурыз мерекесінде өткізіледі. Қазір сайысымыз бастау алмақ. Ендеше қатысушылардың өнеріне бірге куә болайық.

Жарыста жалпыға ортақ ереже бар. Кім бірінші алдында тұрған бауырсақтарды жеп тауысады, сол жеңімпаз атанады. Бірінші болып мықтыны аға буын өкілдері анықтады. Кейін кезек жастарға келді. 5 жерлесімізге 1 минутта неғұрлым көп бауырсақ жеу тапсырмасы берілді. Бұл сында Бақтияр Ахметжанов алдына жан салмады. Сайыста ол белгіленген уақыт ішінде 7 дәмді бауырсақты тауысты.

БАҚТИЯР АХМЕТЖАНОВ, қала тұрғыны:

– Жарыста жеңемін деп ойламадым. Бүгін алаңға түрлі сайыстарға қатысу үшін арнайы келдім. “Бауырсақ-Fest” сайысы қызықты өтті. Өзім бауырсақ жегенді ұнатамын. Сайыста қойылған бауырсақтар өте дәмді.

Сайыс көркін кішкентай балалар аша түсті. Барлығы – 8 қатысушы қыздар және балалар болып екі топқа бөлінді. Жарыста көпшілік ұлдар жағы жеңеді деп топшылады. Бірақ, кішкентай қыздар қас қағым сәтте 20 бауырсақты тауысты.

– Сайыс алдында жоспар құрдық. Қыздарға бауырсақтарды дұрыс шайнау керектігін айттым. Жеңгенімізге қуаныштымын.
– Қарсыластарымыз жеңіп кетеді деп қатты қорықтым. Бірақ, командама сендім. Соның арқасында ұлдарды жеңіп кеттік.

Жалпы, орталық алаңда сайысты тамашалаған жұртшылықтың санында есеп жоқ. Жарысқа көзайым болған жерлестеріміз кейін арнайы концертті тамашалады.

– Мереке жақсы өтіп жатыр. Бәрі тамаша ұйымдастырылған.
– Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Уайым-қайғы жоқ болсын! Жастарымыз өсеп, өркендей берсін.
– Бүгін күн мен түннің теңелер күні. Ежелден халқымыз тойлап келе жатыр. Мереке құтты болсын!

 

Алдияр Айтпаев