Қоғам

Оқушылар Наурыз мейрамына арнап концерт ұйымдастырды

Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер сахна төрінде өнер көрсетуде. Облыстық балалалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында Наурыз мейрамына арналған концерт ұйымдастырылды.

Өнерпаздардың үстіндегі киімдері көздің жауын алады. Көрермендердің алдында өнерлерін паш етіп жатқан «Қуанамын» би ансамблі. 19 қыздан тұратын топ «Ұлы дала» биін орындап шықты.

ӘДИЯ ХАЙЫРБЕК, “Қуанамын” би ансамблінің мүшесі:

– Біз бұл биге 1 ай дайындалдық. Жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Мені осы би үйірмесіне анам әкелді.

Ортада – «Капельки» тобы. Ұл-қыздар «Лето» әнін шырқауда. Дауыстары құлақтың құрышын қандырады. Көрермендер өнерлі жеткіншектерген қошеметтерін көрсетіп жатыр.

АМИРА ЖҰМАЖАНОВА, “Капельки” тобының мүшесі:

– Сахнада өзімді еркін ұстаймын. Бір басқа әлемге түсіп кеткендей боламын. Бұған дейін бимен айналыстым. Осы топта жүргеніме жарты жыл болып қалды.

Сондай-ақ, сахнаға «Томирис» сән театрының қыздары шығып, киім үлгілерін көрсетті. Бүгін осы орталыққа барып, шығармашылықтың түр-түрімен айналысып жүрген жеткіншектер өз өнерін барынша паш етті. Біреулері биледі, біреулері ән айтты, киім үлгілерін де көрсетті. Балалардың өнерге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді дейді облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Саян Ермек.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Апта сайын балалар арасында байқаулар өткізіп жүрміз. Ұл-қыздардың белсенділіктері жақсы. Сондай-ақ, Наурыз айына арналған ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерді дәріптедік.

Концерттік шараға 23 нөмір әзірлеген 150-ден аса бала қатысты.

 

Гульден Симбаева