Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Облыс әкімі өңір тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Осыдан бірнеше күн бұрын жылғалардан су ағып, күн шуағын төгіп, баршамызды қуантып еді. Кешеден бері терісінен жел соғып, аяз көтеріліп, әлекке салып тұр. Дегенмен, бұл солтүстік халқына кедергі емес. Жерлестеріміз облыс орталығындағы басты алаңға келіп, әз Наурызды таңнан бері тойлауда.

Облыс әкімдігі алдындағы алаң адам танымастай өзгерген. Мұндағы үлкеннің де, кішінің де жүзі жадыраңқы. Бүгін олар салт-дәстүрдің, ұлттық ойындардың куәсі болады, ас-судан дәм татады. Жергілікті өнерпаздар мен отандық эстрада жұлдыздарынның құлақтың құрышын қандыра шырқалған әнін тыңдап, биін тамашаламақ.

Наурыз – ырыс пен берекенің жарқын мерекесі. Ұлыстың ұлы күнінде күн мен түн теңеліп, табиғат жаңарады. Ата-бабамыз “Самарқанның көк тасы жібиді” деп бекер айтпаған. Мейраммен жиналған қауымды облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Халқымыз Наурыз мейрамын – жылдың басы, жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың бастауы деп санаған. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамының мәртебесі өсіп, ауқымы кеңейіп келеді. Ұлыстың ұлы күні – бірлігіміздің көрінісі және татулығымыздың белгісі. Баршамыз Наурыз мерекесін бір шаңырақтың астында тойлап келеміз. Тәуелсіздік жылдарында жалпыұлттық және ортақ мерекеге айналды. Құрметті қауым, Наурыз мерекесі әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық пен қуаныш әкелсін. Ойлаған жоспарлар мен армандар орындалып, жаңа жылымыз жемісті болсын. Тәуелсіз еліміздің татулығы мен тыныштығы мәңгілік болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ардақты ағайын!

Құттықтаудан соң Айдарбек Сапаров думан алаңын аралап шықты. Күрескен палуандар, жілік жарған жігіттер. Білек күшін сынаған азаматтар мейрамға ерекше сән берді. Киіз үйлерде де қаумалаған халық. Мұнда “Тұсаукесер”, “Сырға салу” сынды қазақтық салт-дәстүрі паш етілді.

Ұлыстың ұлы күніне орай облыс орталығында кезекті мәрте “QYZYLJAR” шеберлер мекені фестивалі өтуде. Халықаралық шара қатысушылары кіреберістегі 5 бірдей киіз үйге орналасқан. Он саусағынан бал тамған жандар жасаған дүниелер таңдай қаққызады. Әр қолөнершімен облыс әкімі тілдесіп, туындыларымен танысты.

Фестивальге 7 облыстың шеберлері қатысуда. Шаймардан Шоныраев зайыбымен бірге сонау Орал қаласынан келіпті.

ШАЙМАРДАН ШОНЫРАЕВ, “QYZYLJAR” шеберлер мекені фестиваліне қатысушы, БҚО:

– Фестиваль жақсы өтіп жатыр. Наурыз мейрамы құтты болсын! Мейрам осы мекенге қуаныш әкелсін!

“QYZYLJAR” шеберлер мекені фестивалі ертең тәмамдалмақ. Қала тұрғындары мен қонақтары қолөнершілердің туындыларымен басты алаңдағы киіз үйлерде танысып, сатып ала алады.

 

Байболат Култанов