Қоғам

Наурыздың Аққайың ауданында тойлануы

Смирново ауылының орталық алаңында киіз үйлер тігілді. Оған кез келген ауыл тұрғыны кіріп, Наурыз көжеден дәм тата алды. Сондай-ақ, бұл күні ұлттық ойындар да ұмыт қалмады. Жігіттер түрлі спорттық жарыстарға қатысып өзара мықтыны анықтады.

Мерекелік іс-шарада қазақ халқының дәстүрлері насихатталды. Аралағаш ауылындағы халық театрының әртістері құйрық-бауыр асату салтын көрсетті. Құйрық-бауыр асату салтының қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде алатын орны ерекше.

ӨНЕРГҮЛ МҮСӘЛІМ, АРАЛАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

– Бүгін біз өзіміздің Аққайыңда өтіп жатқан Наурыз мейрамын тойлауға келіп отырмыз. Көрсететін дәстүріміз – құйрық-бауыр асату. Мұны құдалықта екі жас үйленгеннен кейін құдай-құдағилар бір-бірімен жақындасу үшін осы құйрық-бауыр асату дәстүрін өткізеді.

Наурыз мейрамына орай қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Аудан шеберлері қолдан жасалған сәндік бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. Толқын Сәрсембаев ағаштан түрлі заттар жасаумен 5 жылға жуық айналысып келеді екен. Бүгінде шебердің бұл ісі табыс көзіне айналған.

ТОЛҚЫН СӘРСЕМБАЕВ, ЛЕНИНСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

– Мына нәрселерді лазерный станокпен кесеміз. Қалғандарын тақтай столдарды қолмен істеймін енді. Пенсияға бір екі инструменттер сатып алғанмын. Халықтың қызығушылықтары бар, сұраныс бар. Бір жағынан өзіме ермек, екінші жағынан кішкене пайда.

Смирново ауылының орталық алаңына халық көп келді. Аудан тұрғындары бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.

– Мейрамдарын құтты болсын. Бәріне тілейтінім ақ жол, тиыштық. Балапандарымыз аман болсын.
– Бүгінгі Наурыз мейрамы құтты болсын. Денсаулықтарыңыз жақсы болсын, көргендеріңіз ылғи қызық болсын.
– Денсаулық тілеймін, ашық аспан тілейміз. Елімізде ынтымақ болсын, дастарханымыз мол болсын. Әр үйде қуаныш көп болсын. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын.

Бұл күні арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Аудан өнерпаздары сахна төрінен ән мен биден шашу шашты.