Қоғам

Қызылжар ауданында Наурыз мейрамы тойланды

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Наурыз мейрамы Қызылжар ауданында да думандатып тойлануда. Бескөл ауылының орталық алаңына жиналған халықтың қарасы қалың. Біреулері жергілікті өнерпаздардың әндерін тыңдаса, келесілері қой көтеруден бақ сынасуда.

Сырттан оңай көрінгенімен, бәрінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, сайысқа тек мықтылар ғана қатысуда. Олар мына қойды мойындарына асып алып, күштері таусылғанша отырып-тұрулары керек. Ең көп көтергені – жеңімпаз.

Жақын жерде жас балуандар белдесіп жатыр. Ойын шарты бойынша жігіттер бір-бірін арқанның сыртына итеріп жіберуі керек.

Диас Ахметжанов – бағын сынап көргендердің бірі. Азамат 4 рет белдесіп, төртеуінде де жеңіске жетті.

ДИАС АХМЕТЖАНОВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Күреске қатысамын. Наурыз мерекесінде белбеу сайысында өзімді сынадым. 4 жігітпен белдестіп, жеңіске жеттім.

Мына жақта қолдарына орамалды мықтылап орап алған жігіттер жілік ұрып жатыр. Ерлер күш сынасып жатқанда нәзікжандылар өздері жасаған киім-кешек пен бұйымдарды таныстырып жатыр. Мәселен, мына жерде «Шарипова» ЖК ательесінің шеберлері тіккен ұлттық киімдер паш етілуде. Тігіншілер 20 жыл бойы ұлттық киім тігумен айналысады.

СВЕТЛАНА ШАРИПОВА, ателье жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Біз тек ұлттық киім тігеміз. Қиялға ерік беріп, қамзолдардың түр-түрін тігуге болады. Тұрақты сатып алушыларымыз көп.

Ал мына жерде «Парасат» мектеп-лицейінің оқушылары жасаған бұйымдарды тамашалауға болады.

БАҚЫТ ҚАРАЖАНОВА, «Парасат» мектеп-лицейі жанындағы “Мақсат” ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

– Мына жерде түрлі дорбалар, қалталар тігілген. Оларды өнер сабағында мұғалім балалармен бірге жасаған.

Таза ауада серуендегенде адамның тәбеті ашылады. Мына бұрышта тұрғындар бауырсақ, палау, ыстық шәй мен көжеден дәм татты.

Бескөл ауылының орталық алаңында – мерекелік атмосфера, тұрғындар бір-бірін берекелі Наурыз мейрамымен құттықтап жатыр.

 

Самал Жунусова