Қоғам

Қала тұрғындары Наурызды көрші-қолаңмен бірге атап өтті

Ұлық мейрам Ұлыстың ұлы күнін аула тұрғындары сән-салтанатымен дүркірете тойлады. Жиналған қауымның қарасы қалың. Мерекеде жұрт мәре-сәре. Күн мен түнді теңеп, тіршілікті қайта түлеткен Наурыз мейрамын тойлау тұрғындар үшін дәстүрге айналған екен.

ЕРДЕН ҚОЖАХМЕТОВ, қалалық Мәдениет үйінің әртісі:

– Құрметті қазақстандықтар, сіздерді бүгінгі келіп жеткен әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Барша түркі елінің жаңа жылы әр шаңыраққа бақыт, қуаныш, шаттық алып келсін.

Аснурия Абдула, тілші:

– Наурыз көже – ұлыс дәмі. Тоқшылық пен берекенің белгісіндей болған мына көжені әжеміз өз қолымен арнайы дайындап келген екен. Енді бұл көжеден келген қонақтар мен аула тұрғындары дәм тататын болады.

СӘУЛЕ ҚҰСАЙЫНОВА, қала тұрғыны:

– Бұл іс-шараға біз жылда қатысамыз. Ал, мына Наурыз көжені мен өз қолыммен жасадым. Былтырғы сүрден істедім. Қазір барлығы ауыз тиеді. Жаңа жыл жақсылығымен келе берсін. Заманымыз тыныш болып, балаларымыз өсіп, өне берсін.

Үлкенінен бастап кішісіне дейін шат-шадыман көңілмен мерекені тойлау үстінде. Қуаныштарын бірге бөлісіп, бақытты күндерін еселеп арттыруда. Дастарханнан таратылған бауырсақ, қымыз, ыстық шәй да таусылар емес.

– Мереке құтты болсын. Бақыт әкелсін. Ақ мол болсын.
– Мерекеміз қайырлы болсын. Барлық отбасыға бақ-дәулет әкелсін. Еліміз көркейе берсін.
– Наурыз құтты болсын. Отбасыларыңызға жақсылық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын.

Алаңқайларда балалар үшін спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Тәттілер таратылды. Шара соңында құлақтың құрышын қандырар әндер шырқалды. Тұрғындар бір-бірін құттықтап, бақ-береке тіледі.

 

Аснурия Абдула