Қоғам

Басты алаңда киіз үйлер тігілді

Басты алаң кіреберісінде жерлестерімізді ұйғыр халқынының өнерпаздары қарсы алуда. Дауылпаздардың дыбысы алыстан естіледі. Ал сахна төрінде қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары “Орда” тобы әннен шашу шашуда. Өнер ұжымының туындыларын жастар жағы қосыла шырқап жатыр.

Думан мекенінде спорттық ойындарға да арнайы орын бөлінген. Қазір боз кілемде солтүстікқазақстандық белді палуандар мықтыны анықтауда. Сондай-ақ, бұл жерде асық ату, қой мен гір тасын көтеру және қол күрес сынды сайыстар ұйымдастырылған. Жілік сындыру бәсекесі тағы бар. Мұндағы бүркіт пен құмай тазылар – мерекенің тағы бір көркі. Сенімді серікпен және қырағы құспен суретке түсіп жатқандар көп.

– Халық қыстан аман-есен шығып жатыр. Бәрі де құтты болсын! Мейрам жақсы өтіп жатыр.
– Бәрі өте керемет өтіп жатыр. Ұлттық ойындар жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мейрамға келіп, бірге тамашалаңыздар.
– Мереке ырыс-береке әкеліп, халқымыз тыныш болып, әрқашанда арамызда бірлік, ынтымақ болсын. Наурыз мерекесін жыл сайын тойлауды нәсіп етсін.

Жерлестеріміз киіз үйлерді де аралап жүр. Сондай ақ отаулардың бірінде Оңтүстік Кореядан келген құрметті қонақты кезіктірдік. Үстіне шапан жапқан мейман жергілікті шеберлер тіккен тақияны естелікке сатып алды. Бүгін кешке Сон Вон Соба солтүстікқазақстандықтарға арнап облыстық филармонияда ән шырқамақ. Ал ертең басты алаңда өнер көрсетеді.

СОН ВОН СОБА, әнші, Оңтүстік Корея:

– Петропавл қаласында Наурыз мерекесінің тойлануын тамашалап жүрмін. Күн суық болса да мұндағы атмосфера жанға жылулық сыйлайды. Бәрі өте әдемі. Қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстым. Барлықтарыңызды концертке шақырамын. Сіздер үшін қазақстандық музыканттардың әнін шырқаймын. Туындылар арасында Батырхан Шүкеновтың да әндері болады.

Мерекеге орай аспаздар да арнайы ас әзірлепті. Иісі мұрын жаратын палау, дәмі тіл үйіретін Наурыз көже де үлестірілуде. Жалпы, Наурыз мерекесі басты алаңда бүгін және ертең дүркіретіп тұрып тойланады.

 

Алдияр Айтпаев