Сайлау

№611 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– 2023-ші жыл наурыздың 19-шы жұлдызы. Тарихи күнге де келіп жеттік. Бүгін Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлаймыз. Бұл сайлау бұрынғысынан өзгерек. Өзгешелігін менің артымда тұрған учаске ашылғанша баяндай кетейін. Енді Парламенттің төменгі палатасы – Мәжілісте 98 депутат болады. Оның 70 пайызы саяси додаға түскелі тұрған партиялардан, ал 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Өзгерістің облыстық мәслихаттарға да қатысы бар. Енді мұндағы ұжым 50 де 50 қатынасы бойынша құрылмақ. Ал қалалық және аудандық мәслихаттар бір мандатты депутаттардан немесе тек халық таңдаған жандардан тұратын болады. Учаске ашылуға шақ қалды. Жақындап, жағдаймен танысайық.

Алаш арысы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінде орналасқан №611 сайлау учаскесі тура жетіде негізгі жұмысын бастады. Береке халқы біртіндеп білім ошағына келуде. Көп кешікпей алғашқы бюллетень де құлыптаулы жәшікке тасталды. Таңмен таласа тұрған Нұрсұлтан Қапезов азаматтық міндетін ерте орындауды жөн көріпті. Осы үшін оған сыйлық табысталды.

Жаңа әрі әділетті Қазақстан құру жолындағы сайлаудан Құрмаш Нұрпейісов пен Рыста Нұрпейісова да қалыс қалмады. Отасқандарына қырық жылдан асқан ерлі-зайыпты алғашқылардың қатарында дауыс берді. Белсенді жерлестеріміз бұған дейінгі саяси додалардың бәріне қатысыпты.

ҚҰРМАШ НҰРПЕЙІСОВ, қала тұрғыны:

– Сайлаудан қалмаймыз. Ылғи бірге жүреміз. Ауылдар көтерілсе, жастарға жұмыс көтерілсе дейміз.

Уақыт өткен сайын келушілердің қатары қалыңдай түсті. Олардың әрқайсысына ұлттық киімдегі комиссия мүшелері бес бюллетеньнен ұсынды. Бұл – бүгінгі сайлаудың тағы бір ерекшелігі. Сайлаушы бір бюллетеньде – Мәжіліске, екеуінде – облыстық, ал қалған екеуінде қалалық мәслихатқа үміткер кандидаттар мен партияларды көрсетуі тиіс. Мұндай жаңашылдыққа тұрғындар оң бағаларын беруде.

– Осылай сайлаған дұрыс. Кімге дауыс бергенімізді білеміз. Ертең депутаттардан “не істелді?” деп сұрайтын боламыз.
– Көзқарасымыз жақсы. Сайланатын депутаттар сенімді ақтайды деп ойлаймыз. Халық соған сеніп отыр.
– Осы сайлаудан кейін оң өзгерістер орын алады деп сенемін. Көңілден шыққан депутаттарға таңдау жасадым. Еліміз, облысымыз дами берсін!

№611 сайлау учаскесі бойынша қалалық және облыстық мәслихаттарға 3 адамнан үміткер. Яғни, сайлаушы ұсынылған қос бюллетеньде 2 кандидаттың аты-жөнін көрсетуі тиіс. “Барлығына қарсымын” деген де баған бар. Бұл да биылғы сайлаудың өзгешелігі.

СӘУЛЕ ТҰРСЫНОВА, №611 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

– 2121 сайлаушы тіркелген. 7-ден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Сайлаушылар өте белсенді қатысуда.

Сөз соңында тағы бір ерекшелікке тоқтала кетейік. Сайлауда әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға 30 пайыздық квота қарастырылған. Ол партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады.

 

Байболат Култанов