Мәдениет

Жол саласының мамандары Наурыз мейрамын атап өтті

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының филиалы ұйымдастырған той көптің басын қосты. Тойдың меймандары – қостанайлық мамандар. Көрші қаладан арнайы 20-ға жуық адам келіпті. Олар әріптестерімен күш сынастырып, ұлттық ойындар ойнады. Арқан тартыс, қол күрестіру, 24 келілік гір тасын көтеру. Жігіттердің сайысында қостанайлықтар басым түсті. Ал нәзікжандылар ас жағын қамдады.

Меймандар құр қол келмепті. Қостанайдың құрт-қоспасы, қарағайлы өңірдің даласында пісірілген бауырсақ – иісі мұрын жарады, дәмі тіл үйіреді.

ЭЛЬВИРА ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы:

– Шағын көрмеге дайындалып келдік. Қазы, шұжық балқаймақ ала келдік. Балқаймақ деген негізі қазақтың дастарханындағы тәттілерге жатады. Оның негізгі 2 түрі бар. Соның бүгін қатқан түрін алып келдік. СҚО-дағы әріптестеріміз қызығушылық танытуда. Біздің жақта ондай жоқ деген сияқты.

Ән де айтылды, би де биленді. Өңіріміздің қонақжайлылығы қостанайлықтардың көңілдерінен шығуда. Мамандар ұйымдастырған Наурыз тойында қазақтың салт-дәстүрі көрсетіліп, әдет-ғұрпы жайлы айтылды.

ЕЛУБАЙ ЖУАСПАЕВ, зейнеткер:

– Бұл – шығыс халқының жаңа жылы. Исламға дейін болған. Кейбіреулері соны шатастырады. Өзіміз үйде Наурыз көже ішіп, үйге балаларым келеді. Көршілерге, туыстарға барамыз, олар бізге келеді.

Кейін барлығы киіз үйдің ішіне кіріп, мол дастарханға жайғасты. Қазақтың емі де, сусыны да қымыз ішіп, Наурыз көжеден дәм татты.

 

Гульден Симбаева