ТЖ

Тасқынға дайындық

Солтүстікке шуақты көктем де келіп жетті. Енді бірер аптадан соң сырттағы қар жаппай сөгіліп, жылғалардан су аға бастайды. Қауырт кезеңде тасқын қауіп төндіруі әбден мүмкін. Биыл аққайыңдар өлкесіндегі негізгі көрсеткіштер аса көңіл көншітпейді. Қазір Есіл бассейніндегі ылғалдың көлемі әдеттегіден ондаған пайызға жоғары екен. Жердің қатуы болса 50 см үстінде. Мұндай жағдайда сақадай сайлану қажет.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Біздің өңірде тасқын қаупі төнуі мүмкін 85 елді мекен есепке алынды. Олардың 42-сіне еріген қар суы кіруі ықтимал. Осыны ескеріп біз дайындық шараларын күшейттік. Бүгінде облыста төтенше жағдайлар департаменті, полицейлер мен ұлттық ұлан қызметкерлерінен тұратын жасақ жұмыс істеуде. Топ 475 адамнан және 135 техникадан тұрады.

Апаттың салдарымен емес, себебімен күрескен қашан да тиімді. Осыны жақсы білетін жауапты сала өкілдері қазір елді мекен ішінен қар шығаруда. Бүгінгі күнге дейін өңірімізде 500 мың текше метрге жуық ақ ұлпа шығарылған. Су өткізгіш құбырлар мен арықтар да тазаланып жатыр.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Наурыз айының соңғы онкүндігінде температура күндіз де, түнде де 0 градустан жоғары болады. Соның әсерінен қар жаппай еріп, су айдындары толады. Біз осыны ескеріп облыста тиісті алдын алу жұмыстарын жүргізу қажетпіз. Негізі, өлкемізге көктем жылдан-жылға ерте келуде. Мәселен, биыл 1 аптаға ертерек келіп отыр.

Сөз соңында өңірдің бас құтқарушысы Рамиль Камалов тұрғындарды абай болуға және тиісті ережелерді қатаң сақтауды ескертті.

 

Байболат Култанов