Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші жандар бір алаңда тоғысты. Петропавлдағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында бүгін кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мұрындық болуымен бос орындар жәрмеңкесі өтті. Мәдениет ошағының екінші қабатында орналасқан залда ине шаншитын жер жоқ. Қаумалаған халықтың бір бөлігі қызмет ұсынса, екінші жартысы екі қолға бір күрек тапқысы келеді.

БОЛАТ АМАНТАЙҰЛЫ, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Бүгінгі жәрмеңкеге 23-тен астам кәсіпорын қатысуда. Олар 300-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. 1 мыңнан аса адам шақырылды. Студенттер де келді.

Аңсар Сәлік – жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген студенттің бірі. Ол биыл Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжін тәмамдамақ. Мамандығы – техник-құрылысшы. Жалынды жас қолына дипломын алған соң білек сыбана іске кіріссем дейді.

АҢСАР СӘЛІК, студент:

– Мені бұл жәрмеңкеге кураторым шақырды. Достарыммен келіп отырмыз. Бірақ, өзімнің мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Көптеген басқа мамандықтарды көрдім. Келесі жолы табамын деп ойлаймын.

Айта кеткен жөн, бүгінгі іс-шара өндірістік сипатқа ие. Яғни, жәрмеңкеде тек қаламыздағы кәсіпорындардың өкілдері тұрғындарға жұмыс ұсынуда. Келесі жолы қызмет көрсетуші ұйымдар шақырылмақ. Осы арқылы ұйымдастырушылар әр саланы қамтымақ ниетте.

ТАТЬЯНА ТЮРИНА, “ПетроМашЗауыты” ЖШС кадр жөніндегі инспекторы:

– Бізге инженерлер, дәнекерлеушілер, білдек операторы мен есепші қажет. Жәрмеңкеге аталған мамандық иелерін іздеп келдік. Ұжым өте ұйымшыл. Жұмысшыға толық әлеуметтік пакет ұсынамыз. Қызметтік киім де береміз. Автобусымыз мамандарды таңертең әкеліп, кешке үйлеріне жеткізеді. Осындай артықшылықтарымыз бар.

Қалалық халықты жұмыспен қаму орталығы жыл басынан бері жүздеген жанды еңбекпен қамтыпты. Қазіргі таңда ресми жұмыссыздар тізімінде 1700-ден аса адам тұр екен. Сұраныс мына мамандық түрлеріне жоғары:

БОЛАТ АМАНТАЙҰЛЫ, қалалық халықты жұмыспен қаму орталығының маманы:

– Құрылысшылар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, есепшілер сұранысқа ие.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне мемлекеттік еңбек инспекциясының мамандары да қатысуда. Бұл жандардың негізгі мақсаты тұрғындарды жұмыспен қамту емес. Олар өздері ұйымдастырған акция аясында қызмет іздеуші мен қызмет ұсынушы арасында тығыз байланыс орнатып, еңбек келісімшартын жасасады. Өздеріңіз білетіндей, алдағы уақытта бұл құжат арқылы екі қолға бір күрек тапқан жан өзінің құқығын қорғай алады.

 

Байболат Култанов