БілімБалалар

Оқушылар арасында графикалық дизайннан байқау өтті

Облыс орталығында мектеп оқушылары арасында графикалық дизайннан байқау өтті. Алдымен суретшілер тіркелді. Осы жерде ереже де таныстырылды. Талап бойынша балалар А4 форматындағы суретті асқан ұқыптылықпен салулары қажет. Бақ сынаушылардың бірі – Сәния Ержан.
Оның графикалық дизайнмен айналысып жүргеніне 4 жыл болыпты.

СӘНИЯ ЕРЖАН, байқауға қатысушы:

– Байқауда “Шаңырақ” таңбасын саламын деп шетім. Оны маркермен әдемілеймін. Осындай байқауларға жыл сайын қатысып тұрамын. Өткен жылы графикалық дизайннан бірінші орын иелендім. Болашақ мамандығымды осы саламен байланыстырғым келеді.

20 жастың басын қосқан байқау 3 номинациядан тұрады. Олар: Наурыз мерекесіне, Балаларды қорғау күніне және Оқушылар сарайына арналған логотип. Яғни, жастар осылардың біреуін таңдап, өз өнерлерін ортаға салулары қажет. Талап қатаң – туынды еш жерден көшірілмеуі керек.

ЛЮДМИЛА ЗАЙНУТДИНОВА, Оқушылар сарайы көркемөнер мектебі директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда елімізде неше түрлі сауда орталықтары, киім дүкендері ашылып жатыр. Сол себепті, бұл сала сұранысқа ие. Жыл сайын осындай байқау ұйымдастырамыз. Бір байқағанымыз, балалардың графикалық дизайнға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді.

Байқау қорытындысы наурыздың 28-і жария етілмек. Жеңімпаздар алғыс хатпен марапатталады.

 

Гульден Симбаева