Сайлау

Еркебұлан Мәмбетов нан-тоқаш комбинатының жұмысшыларымен кездесті

Мәжіліс депутаттығына үміткер Еркебұлан Мәмбетов Петропавл нан-тоқаш комбинатының жұмысшыларымен кездесті. Жиын барысында азамат сайлаудың өту тәртібі жайлы айтты.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

– Референдум өтіп, сайлау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Бұған дейін біз партияларды ғана таңдап жүрдік. Кейін үздік партиялық тізім арқылы аудан және қалалық мәслихат депутаттары таңдалатын. Ал бұл жолғы сайлау бюллетеньдерінде үміткерлердің аты-жөндері жазылып тұрады. Яғни, сол кісілердің арасынан таңдау жасайсыздар.

Кандидат облысымыздың барлық аудандарын аралап шығыпты. Еркебұлан Мәмбетов ағайынмен жүздесіп, жауыр болған мәселелер жайлы білген. Проблемалардың дені ауыз су, жол сапасы, ұялы байланыс пен денсаулық саласына қатысты. Шаһарда да атқаратын шаруа аз емес.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

– Шаһардағы жиындарда көшелердегі жол мен суағарларды жөндеу мәселесі көтеріледі. Жұмысшы кентіндегі көпірге де халықтың көңілі толмайды.

Кездесуде комбинат қызметкерлері мен өңір диқандарын толғандыратын тағы бір мәселе жайлы айтылды. Ресейдегі астықтың арзан болуына байланысты қазір кәсіпорындар отандық бидайдан бас тартып жатқан көрінеді. Салдарынан диқандар өз өнімдерін арзан бағамен өткізуге мәжбүр. Осы ретте астықты Ресейден тек теміржол арқылы жеткізу қажет делінді. Сонда көрші ел салық төлейді, жергілікті аграрийлер де өнімін лайықты бағамен өткізеді.

 

Алдияр Айтпаев