Ауыл шаруашылығы

“Алғашқы сүт туры” семинар-кеңеспен тәмамдалды

2 күнге созылған республикалық “Алғашқы сүт туры” семинар-кеңеспен тәмамдалды. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерге енгізу бағытындағы алқалы жиын Оқушылар сарайында өтті. Мұнда алғашқылардың бірі болып аймақ басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов сөз сөйледі. Оның сөзінше, егіншілік саласы басым бағыт саналып келген аққайыңдар өлкесі ақ өндірісінде биік белесті бір күнде бағындырған жоқ. Көңіл қуантарлық нәтиже бірліктің, еңбектің және мемлекеттік қолдаудың арқасында келді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Соңғы жылдар ішінде біздің облыста 30 сүт фермасы салынды. Олардағы жалпы малдың саны 16 жарым мыңды құрайды. Өндіріс ошақтарының ашылуымен 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жобаларды жүзеге асыру үшін 40 млрд теңгеге тарта инвестиция құйылды.

Қаржы жайлы толығырақ баяндайық. Қазір тауарлы-сүт фермасын салуға ниетті солтүстікқазақстандық шаруа мемлекет қолдауына иек арта алады. Рәсімделетін несие қомақты, ал пайызы төмен. Семинар-кеңес қатысушыларына зор мүмкіндіктің бүге-шүгесін Марат Тасмағанбетов баян етті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Займ 8 жылға 4% үстемеақымен беріледі. 2 жылдық “несиелік демалыс” та ұсынылады. Яғни, фермер алған қарызды 2 жылдан соң қайтара бастайды. Тәжірибеге сүйенсек, сүт өндірісін қолға алған жан 24 айдың ішінде кәсібін оң жолға қояды. Бұл – ауыл шаруашылығы саласы өкілдері үшін зор қолдау.

Тағы да сандарды сөйлетеміз. Өлкемізде алғаш қолға алынған осы пилоттық жоба аясында жергілікті кәсіпкерлерге соңғы 2 жылдың ішінде 35 млрд теңге несие беріліпті. Займның арқасында 21 тауарлы-сүт фермасы салынған. Алқалы жиында республикалық сүт палатасының төрағасы Қуаныш Рақышев та сөз алды.

ҚУАНЫШ РАҚЫШЕВ, республикалық сүт палатасының төрағасы:

– Облыстарыңызда ұйымдастырылған турдан көп нәрске үйрендік. 2 күн ішінде жетістіктер ғана емес, саладағы қиындықтар да ашық айтылды. Оларды әрбір фермер білген дұрыс. Үкімет Солтүстік Қазақстан жерінде қолға алынған пилоттық жобаға дер кезінде назар аударды деп есептеймін. Жобаны міндетті түрде әрбір өңірге тарату қажет.

Жиында Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша 100 млрд теңге бөлінгені де айтылды. Бұл қаржы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерге енгізуге бағытталмақ.

 

Байболат Култанов