Қоғам

Жол сапасын тексеретін мамандарға арналған семинар

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» филиалында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің қызметкерлері жиналды. Мұнда оларға арналып оқыту семинары өтіп жатыр. Шара жергілікті атқарушы орган мамандарының автожол саласына қатысты біліктіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

ЕЛДАР ӘБЕНОВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы, Астана қаласы:

– Біздің мекемеміздің негізгі қызметтерінің бірі – жол сапасына сараптама жүргізу, диагностикалық және орташа жөндеу жобаларына ведомстволық сараптама жүргізу болып табылады. Биылдан бастап жалпы пайдаланылатын автожолдардан бөлек, қала көшелерінің жолдары да ведомстволық сараптамадан өтуі тиіс. Сондықтан, 2023 жылғы семинардың басты мақсаты – қаладағы жолдардың орташа жөндеу жобалары бойынша сараптама өткізу тәртібі, соны түсіндіру.

Елордадан арнайы келген маман жол сапасын тексерудің қыр-сырын түсіндірді.

ЕЛДАР ӘБЕНОВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы, Астана қаласы:

– Жол жұмысының сапасы мен материалдарына сараптама жүргізу жергілікті атқарушы органдармен жасалған келісімшарт негізінде жүргізіледі. Кейін біздің филиалмен жоспар құрайды да жолға шығып оған сараптама жасайды. Жолдың құрылысының әрбір сатысында материалдың, жұмыстың сапасын тексереді және сол бойынша қорытынды жасайды. Сол қорытынды кейіннен тапсырыс берушілерге беріліп, олар ары қарай өздері тиісті шара қабылдайды.

Жол жөндеген немесе оны салған мердігер ұйымның жұмысын тапсырыс беруші тексереді. Бірақ, олардың көбісінің бейіндік білімі жоқ. Бүгінгі семинар сондай жандарға арналған. Жамбыл ауданынан келген маман Еркебұлан Қалетов мұндай семинарға алғаш рет қатысып отыр. “Бұл салаға мен сияқты жуырда келген қызметкерлер үшін мол әрі маңызды ақпарат айтылды”,- дейді.

ЕРКЕБҰЛАН ҚАЛЕТОВ, Жамбыл аудандық ТҮКШ, сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы:

– Жолды сараптамадан өткізу тәртібін білдім. Осы бағытта алған білім келешекте кәдеме жарайды. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 2-ақ апта болды.

Елімізде жол сапасын тексеретін акредиттелген 17 зертхана бар. Соның біреуі Петропавлда орналасқан. Жалпы, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» мамандары былтыр республика бойынша 10 мыңнан астам инспекциялық тексеріс жүргізді. 32 мыңнан астам сынама алынып, 10 мыңға жуығында нормадан ауытқушылық анықталған.

 

Самал Жунусова