Сайлау

Петропавлда 86 тәуелсіз бақылаушы даярланды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бүгінгі сәрсенбіні қоса алсақ, еліміздегі Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауына 4 күн қалып отыр. Жаңа әрі әділетті Қазақстанды құру жолындағы саяси додада ашықтық пен мөлдірлік принциптері қатаң сақталуы қажет. Бұл ретте бақылаушыларға зор сенім артылған. Біреу білсе, біреу білмес, сайлауды тәуелсіз бақылаушылар да қадағалайды. Олардың бір тобы Петропавлда даярланды. Бүгін өздеріне тиесілі құжаттарын қолдарына алуда.

ЗУЛЬФИЯ ТУХВАТУЛЛИНА, “BAQYLA” қоғамдық қозғалысы аймақтық штабының басшысы:

– Біз курс қатысушыларының сайлау жөніндегі құқықтық сауаттылығын арттырдық. Мысалы, қандай да бір олқылық тіркелген жағдайда жазылатын акт туралы баяндадық, кімдермен және қалай сөйлесу керектігін түсіндірдік. Тыйым салынған дүниелер де айтылды. Олардың барлығын біздің тәлім алушылар жақсы біледі. Негізі, тәуелсіз бақылаушылардың жұмысы сырт көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда, олар учаске ашылғаннан жабылғанша дейін ауқымды шаруа тындырады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Тәуелсіз бақылаушылар өте белсенді. Араларында отбасылар да бар. Яғни, алдағы сайлауды жанұя болып бақыламақ. Айта кету қажет, арнайы оқытудан өткен жандарға саяси додада атқарған қызметтері үшін штаб тарапынан ақша төленбейді.))

ЗУЛЬФИЯ ТУХВАТУЛЛИНА, “BAQYLA” қоғамдық қозғалысы аймақтық штабының басшысы:

– “BAQYLA” қоғамдық қозғалысы Президент сайлауы кезінде пайда болды. Сол кездегі тәуелсіз бақылаушылардың бір бөлігі осы сайлауда да қадағалаушы қызметін атқармақ. Барлығы өз істеріне жауапкершіліпен қарайды. Олар – Петропавл мен қала маңындағы ауылдардың тұрғындары.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Думан Ерболат – қаламыздағы ең жас тәуелсіз бақылаушы. Ол небәрі 20 жаста. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті алдағы жексенбіде Петропавлдағы №597 сайлау учаскесіндегі жағдайды бақылайды.

ДУМАН ЕРБОЛАТ, тәуелсіз бақылаушы:

– Біз 1 ай көлемінде оқыдық. Кураторымызбен әр апта сайын оқушылар сарайында кездесіп отырдық. Мен сайлаудың әділетті өткенін қалаймын. Сол үшін тәуелсіз бақылаушы болғым келді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қоса кетейік, Петропавлда 86 сайлау учаскесі құрылған. Солардың барлығында “BAQYLA” қоғамдық қозғалысының аймақты штабы дайындаған жандар тәуелсіз бақылаушы қызметін атқармақ.

 

Байболат Култанов