Мәдениет

Қызылжарда «Мағжанның маржан жырлары» атты облыстық байқау өтті

Залда жиылған ұл-қыздар – облыс орталығында өтіп жатқан «Мағжанның маржан жырлары» атты облыстық байқауға қатысушылар. 70-тен аса бала қазылар алқасының алдында ақиық ақынның өлеңдерін жатқа әрі мәнерлеп оқып беруі тиіс. Өзіндік ереже бар. Мұнда балалар кезекпен ортаға шығып, қоржынның ішінен асық алады. Асықта кезектің нөмірі жазылған. Өнерін көрсеткен балаға қазылар алқасының мүшелері Мағжанның кез келген өлеңінен үзінді оқиды, ал оқушы оны жалғастырып алып кетуі қажет.

Ортада – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы Махаббат Смайылова. Оған 4-ші сан жазылған асық ілікті. Жеткіншек Мағжанның «Жан сөзі» өлеңін жаңылмай оқып берді және баға беруші жандардың ұсынған өлеңдерін әрі қарай іліп әкетті.

МАХАББАТ СМАЙЫЛОВА, байқауға қатысушы:

– Мағжан Жұмабаевтың 40 өлеңін білемін. Осындай сайыстарға жыл сайын қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрмін. Өзім ақындыққа жақын емеспін. Мағжан Жұмабаев туралы зерттеу жұмыстарын, ғылыми жобаларын жазып келемін.

Жұртшылықтың алдына шығып, қобалжып, өлеңдерін ұмытып қалып жатқан қатысушылар да болды. Бірақ, оларға көрсетілген қолдаудың арқасында өнер көрсетулерін жалғастырып кетті. Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы Санжар Нұғман өзінің кезегін күтіп отыр. Жеткіншек ақындыққа жаңа аяқ басып келе жатыр.

САНЖАР НҰҒМАН, байқауға қатысушы:

– Мен үшін Мағжан Жұмабаевтың қазақ поэзиясындағы орны айрықша. Оның өлеңдері танымал. Мен Мағжан, Абайдың ұйқастарын алып өлең шығарамын. Сол кісілерге еліктеймін.

Байқауға 5 пен 11-ші сынып аралығындағы дарынды ұл-қыздар қатысып жатыр.
Бұл өнер сайысының басты ерекшелігі – қатысушы Мағжанның кемінде 30 өлеңін жатқа білуі керек. Бұған дейін облысымыздың түкпір-түкпірінен біраз бала осы сайысқа қатысуға өтініш білдірген.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім басшысы:

– Алдын ала іріктеу өткіздік. Осы байқауға қатысуға 300 бала өтініш білдірген. Яғни, Мағжанның 30 өлеңін жатқа білетін 300 бала бар деген сөз. Біздің ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Мағжанның өлмейтін өлеңдерін жастардың бойына сіңіру.

Байқаудың жеңімпазына 200 мың теңге беріледі. Жүлдегерлер де ақшалай марапатталады.

 


Гульден Симбаева