Құқық қорғау органдары

ІІО қызметіндегі өзгерістер

Еліміздің ішкі істер органдары қызметінде маңызды өзгерістер орын алды. Солардың бірқатарын баспасөз брифингі барысында облыстық полиция департаментінің бастысы Айдын Қабдұлдинов баян етті. Қазір жауапты саланың жүгін арқалаған жандар жыл сайынғы еңбек демалысына уақытында шыға алады. Бұрын мұндайдың ауылы алыс еді. Қызметкерлер өздеріне жүктелген шаруаны аяқтағасын ғана тынығуға мүмкіндік алды.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

– Мысалы, полиция қызметкері мамырда демалысқа шығуды жоспарлады делік. Қылмыстық істердің көбеюіне және олардың сотқа тапсырылу уақыты созылуына байланысты демалыс кейінге шегеріле берді. Осының әсірінен маманның жоспары жүзеге аспады. Қазір бәрі басқаша. Бүгінде қызметкер алдын ала қабылданған бұйрық бойынша демалысқа шығады. Белгіленген дата қарсаңында бастығы күрделі тапсырма беріп, оның уақытын алмайды. Яғни, уақытында демалысқа шығуына жағдай жасайды.

Тағы бір өзгеріс – бір өңірден екінші өңірге ауысудың жеңілдеуі. Бұрын өзге жаққа қоныс аударуды мақсат еткен полиция қызметкеріне жұмыс бабымен ауысу қиынның-қиыны еді. Маманға апталап қағаз жинау, айлап бұйрық күту қажет болды. Қазір бұл мәселе жергілікті жерде шешіледі. Яғни, департамент бастықтары бір-бірімен хабар алмасып, шенділерді ауыстыру жөнінде шешім қабылдайды.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

– Келесі басым бағыт – қызметтік процестерді автоматтандыру. Бүгінгі таңда полиция департаменті мемлекеттік қызметтің 34 түрін көрсетеді, оның 98,7 пайызы электрондық форматта (37 мың қызмет) көрсетілген. Бұл азаматтарға анықтама алу, көлікті қайта тіркеу немесе жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін полицияға немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ дегенді білдіреді. Барлығын электрондық форматта, “e-gov” электрондық үкімет порталы және басқа да мамандандырылған электрондық сервистер арқылы жасауға болады.

Полиция қызметкерлерінің жұмысын көшедегі бейнебақылау камералары да жеңілдетті. Қазіргі таңда өңірімізде 32 мыңнан астам заман игілі бар. Олардың 7 мыңға жуығы департамент қабырғасындағы жедел басқару орталығына қосылған. Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, құрылғылардың көмегімен 163 қылмыс ашылып, 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

 

Байболат Култанов