ТЖ

Жедел-құтқару жасағындағы жауынгерлердің жұмысы

Адам өміріне араша түсу, қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созу. ТЖД-нің жедел-құтқару жасағының жұмысы жауапты. Құтқарушылардың көмегіне тұрғындар кез келген сәтте жүгінуі мүмкін. Бүгін Айбол Отарбаев бастаған жасақ 2 күн бойы 3-ші қабаттың терезесінде отырған мысықты құтқарыпты. Ол ол ма? Азамат осыдан 10 күн бұрын 4-ші қабаттан секірмек болған жанды аман алып қалған.

АЙБОЛ ОТАРБАЕВ, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшы-құтқарушысы:

– Бұл салада жүргеніме 8 жыл болды. Осы уақыт аралығында талай шақыртулар болды. Адам өміріне қауіп төнген, су тасқыны жағдайлары болды. Көлік апаттарында да көмек көрсеттік. Өрт болып, есік ашу керек болған жағдайда да шығып отырамыз. Оқиға орнына 1 минутта жету керекпіз. Жолда кім не істейтінін – барлығын анықтап, жоспар құрамыз.

Әрі альпинист, әрі сүңгуір. Жасақтағы әрбір жігіттің бойында осы қасиет бар. Бұл жандар бос уақыттарында демалып, аяқ босатып жатпайды. Түрлі қиындықтарға төтеп беру үшін арнайы жаттығулар жасайды. Қаупі мен қиындығы қатар жүретін саланы Досым Жұманов осыдан 13 жыл бұрын таңдапты. Бүгінге дейін таңдауына еш өкінбеген екен.

ДОСЫМ ЖҰМАНОВ, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Күзде айдында қатып қалған құстарды құтқарамыз. Жұмыста физикалық тұрғыда ғана дайындалмаймыз. Жоспар құру, әрекет ету жөнінде конспектілер жазамыз. Спорттық шараларға қатысамыз. Альпинизм бойынша іс-әрекеттерді пысықтаймыз.

“Ит – адамның досы” деген сөз бекер айтылмаған. Жасақ жігіттеріне төртаяқтылар да зор көмегін тигізеді. Үй жануарлары жоғалған адамдарды іздестіру кезінде иісшілдігінің арқасында мамандарға жәрдем береді. Қазіргі таңда облыста мұндай 3 ит бар екен. Жалпы, жедел-құтқару жасағында қазір 50-ге тарта азамат еңбек етеді.

 

Алдияр Айтпаев