ТЖ

Мұз қалыңдығы өлшенді

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Қазір мен Есіл өзенінің үстімен жүріп келе жатырмын. Күнделікті бұл жермен мен сияқты Заречный кентінің трғындары әрлі-бері қатынайды. Әзірге, қозғалысқа аса қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ, мұз еріп, қар қалыңдығы азайған сайын қауіп те артады. Мұны тұрғындар ескерулері тиіс.

Бүгін мұз қалыңдығын тексеру үшін айдынға құтқарушылар шықты. Мамандар бірінші кезекте “Бур” деп аталатын жабдық көмегімен ұңғыма жасады. Кейін арнайы темір сызғышпен мұз жамылғысын өлшеді.

Мамандар анықтағандай, Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 60-70 сантиметрді құрайды. Яғни, әзірге қимыл-қозғалысқа рұқсат. Бірақ, көрсеткіш 10 сантиметрді құрағанда айдын үстімен жүріп-тұруға қатаң тыйым салынады.

ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ офицері:

– Мұз қалыңдығына бірнеше фактор әсер етеді. Оның біріншісі судың астындағы ағыспен байланысты. Екіншісі, қардың біркелкі жатпауы. Қар көп жерлерде әдетте мұз жұқа болуы мүмкін.

Тексеріс барысында мамандардың назарына шаңғы тепкен азамат ілікті. Бейтаныс жан салауатты өмір салтын ұстанатын Василий Механошин есімді қала тұрғыны екен. Зейнеткер айдынға жұмасына 3-4 рет шығады. Шаңғы спортымен 5 жылдан бері айналысатын солтүстікқазақстандық ережемен жақсы таныс.

ВАСИЛИЙ МЕХАНОШИН, қала тұрғыны:

– Жексенбі күні шаңғы тепкенде қар қалың болған. Бүгін жамылғының еріп жатқандығы сезіледі. Өзім айдынға шықпас бұрын балықшылардың ұңғымасына зер саламын. Егер мұз қалың болса, онда 10 шақырым еңсеремін.

Жыл басынан бері елдегі өзен-көлдерде 7 адам құтқарылған. Олар мұз жарылып, суға түсіп кеткен. Айта кетейік, мұндай жағдай өңірде тіркелген жоқ.

 

Алдияр Айтпаев