БілімҚоғам

Қызылжарлық мектеп оқушысы «Қауіпсіз үй» жобасын әзірледі

Жансар Садриев – Петерфельд ауылында орналасқан Қызылжар Абай орта мектебінің оқушысы. Жеткіншек – «Қауіпсіз үй» жобасының авторы. Бұл туындыдағы басты элемент – робот. Заман игілігі көпқабатты үйге келген кісіні бет- жүзінен таниды. Яғни, баспананың тұрғындарын ішке кіргізеді, бөгде жанды өткізбейді. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде мамандарды өзі шақырады.

ЖАНСАР САДРИЕВ, “Қызылжар Абай” орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен бұл жобаны 1 ай ішінде әзірледім. Оның бірнеше артықшылығы бар. Соның бірі – үй иелерінің баспаналарында қанша уақыт болғанын анықтауы. Тағы төл туындым адам үйінен біршама уақыт сыртқа шықпаса, өздігінен құтқарушылар, полицейлер мен дәрігерлерді шақырады.

Мектеп оқушысының туындысын көруге келген төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары өз бағасын берді. Ұсыныс та айтылды. Сала өкілдері болашақта «Қауіпсіз үй» жобасына бірнеше толықтыру енгізілгенін қалайды.

ЖАНАТ ДОНАНОВ, Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:

– Жоба қызықты, әр үйге пайдалы. Өз жобасын әрі қарай дамыту қажет. Төтенше жағдай кезінде қай жерге бару қажет, қай жолмен апару керек деген ақпарат қамтылмады.

Жансар Садриев жобасымен бірнеше конкурсқа қатысыпты. Қарағандыда өткен байқауда жас өнертапқышқа күміс жүлде бұйырған екен. Талантты теріскейлік келешекте туындысына толықтырулар енгізгісі келеді. Ойында жүрген жоспары да бар.

 

Гульден Симбаева