Мәдениет

Көрісу күні ерекше балалардың қатысуымен аталып өтілді

Көрісу күнін Амал мерекесі деп те атайды. Яғни, адамдар бір-бірінің өкпе-реніштерін кешіріп, ортадағы араздық ұмытылады. Мейрамда жақсылық тілеп қана қоймай, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жақынға қамқорлық көрсетіледі. Ұлттық дәстүр паш етіледі. Бұндай шара бүгін «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде ерекше балалардың қатысуымен өтті.

НАЗГҮЛ БЕЙСЕМБИНА, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:

– Ең бірінші Көрісу мерекесі батыс өңірінде шыққан. Одан кейін Қазақстанның барлық өңіріне тараған болатын. Балалар бұл мерекені білулері қажет. Жасөпірімдерді осындай мерекеге жұмылдыруымыз керек. Жастардың барлығы біледі деп айтпаймын. Нақты 50 пайызы білетін шығар. Әлеуметтік желілерде шығады, содан қарап көруге болады.

Балалар құрмет-қошеметпен Қыдыр атаны қарсы алды. Ол ұл-қыздарға өзінің ақ батасын беріп, сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, ақжаулықты ана шашу шашты. Оқушылар түрлі ойын ойнап, мәз-мейрам болысты. Балалар өз әсерлерімен бөлісті.

– Бір-бірімізге тілектер айттық. Көрісу күні жайлы біраз ақпарат білдік.
– Бүгінгі шарада маған әженің шашу шашқаны ұнады. Жерден тәттілерді тез теріп алдым. Салт-дәстүр бойынша сұрақтар қойылды.

Шара соңында балалар жайылып тұрған ақ дастарханға жайғасты. Абылай хан резиденциясының қызметкерлері жыл сайын осы мейрамды жастар арасында насихаттап отырады.

 

Гульден Симбаева