Ауыл шаруашылығы

Егістік тұқым тексеріліп жатыр

Қазақта “не ексең, соны орасың” деген қанатты сөз бар. Мұны жер емген диқандар қауымы жақсы біледі. Сол себепті, олар көктемгі дала жұмыстары қарсаңында сапасы жоғары тұқым дайындауға тырысады. Ал дәннің қаншалықты сапалы екенін зертханалар анықтайды. Қазір өңіріміздің әр ауданында мұндай тексеріс орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі Бескөлде орналасқан.

МАЙМҰНА МӘМЕКОВА, зертхананың бас маман:

– Диқандардың тұқымын қабылдаймыз. Тұқымды зертхана меңгерушісі қабылдайды. Тексеріс осы зертханада жүргізіледі.

Биыл бұл зертханада 9 мың тонна тұқым тексеріліпті. Алдағы бірер айда себілетін дәннің дені қызылжарлық диқандарға тиесілі.

МАЙМҰНА МӘМЕКОВА, зертхананың бас маман:

– Әкелінген 9 мың тонна тұқымның дені – элита. Әзірге, сапасы төмен тұқым тіркелген жоқ.

Сапасы төмен тұқым тіркелген жағдайда себуге жіберілмейді. Осы күні теріскейлік шаруалардың алқапқа сіңіретін дәні дайын десек болады. Оларды тек тексерту қалып отыр.

НҰРЛАН МЕРҒАСЫМОВ, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мемлекеттік тұқым инспекциясының басшысы:

– Өңірде тұқыммен қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша – 396 мың тонна, майлы өнімдер – 30, ал азықтық дақылдар мен картоп бойынша шамамен 60 мың тонна тұқым дайындалды. Көктемгі дала жұмыстарына дейін биыл өңірде себілетін 438 мың тонна дән тексерілмек.

Болжам бойынша ағымдағы жылы аққайыңдар өлкесінде тұқым себу жұмыстары сәуір айының соңында бастау алады.

 

Байболат Култанов