ЭкологияҚоғам

Мемлекеттік қызметшілердің белсенділігі

Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу мен көшелерді жарықтандыру. Бұндай мәселелердің шешімін ауылдағы ағайын округ әкімдерінен күтеді. Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылдық округіне екі ауыл қарайды. Екі елді мекенді қоса алғанда мыңға жуық адам тұрады. Ержан Бітниев – 2017 жылдан бері округ әкімі. 5 жыл ішінде бірталай іс атқарыпты.

ЕРЖАН БІТНИЕВ, Қайрат ауылдық округінің әкімі, Уәлиханов ауданы:

– Бүгінгі күні әр азамат өз ауылын абаттандырып, өз үлесін қосуда. Спорт саласын дамыту үшін де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жарықтандыру мәселесін де қолға алдық. 2020 жылы Қайрат ауылы толық жарықтандырылды. Былтыр Жасқайрат ауылындағы 42 көшеде жарық пайда болды.

Экология мәселесіне де баса назар аударылған. Қоршаған ортаны сақтау – әр азаматтың міндеті. Сондықтан, сенбіліктер уақытылы өткізіліп тұрады. Жалпы, жыл сайын түрлі сенбіліктер ұйымдастырылады: қоқыс шығарылады, ағаш отырғызылады. Оған мемлекеттік қызметшілер де белсенді ат салысуда. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері өзге орган мамандарымен бірлесіп жыл сайын Есіл өзенінің маңайын тазалайды. Бүгінде елімізде қоршаған ортаны қорғауға арналған түрлі жобалар іске асырылуда. Әлемдік деңгейдегі «World clean up day» сияқты, республика көлемінде «Бірге – таза Қазақстан» сынды акциялар жыл сайын ұйымдастырылады. Соңғысына былтыр 20 мыңнан астам адам қатысты, дені – мемлекеттік қызметшілер. Нәтижесінде 800 тонна қоқыс шығарылған.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– 17 қыркүйекте халықаралық «World clean up day» акциясы өткізіледі. Өткен жылы 2 мыңға жауық адам қатысып, 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бәрі сұрыпталып, пайдалы заттар кәдеге жаратуға, қалғандары полигондарға жіберілді. Сонымен қатар, мемлекет басшысымен белгіленген «Бірге – таза Қазақстан» акциясы маусым айында өткізіледі.

Азамат Бектасовтың айтуынша, наурыздың 26-сында «Жер сағаты» акциясы өтеді. Әдетте оған облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар қатысады. Кейбір көшеде бір сағатқа жарық сөндіріледі. Мұндағы мақсат – энергияны бағалау және үнемдеуге үйрену.

 

Самал Жунусова