МәдениетҚоғам

Амал мерекесі зауыт қабырғасында аталып өтілді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Көрісу күні немесе Амал мерекесін облыс орталығындағы кәсіпорындар да дүркіретіп атап өтіп жатыр. Біз қазір “Петропавл электротехникадық зауыты” ЖШС-інде тұрмыз. Мұндағы қызметкерлер ерекше форматта тойлауда.

Мына зал ондаған минут ішінде думан алаңына айналып шыға келді. Келушілер бір-бірімен құшақ жая амандасып, хал сұрасып жатыр. Даладай дастархан жайылды. Үстелге иісі мұрын жарар бауырсақ, дертке дауа қымыз, дәмі таңдайдан кетпес құрт пен қаймақ қойылды. Өнерлі жандар әннен де шашу шашты.

Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігіне де келіп жеттік. Көрісу мерекесінде Нұрмұхаммедәли Нұрлыбекұлының тұсауы кесілді. Жауапты міндет кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әміринге жүктелді.

Көпшіліктен жатырқаған бала жылағанымен “ақ жолдың” шетіндегі қазақтың қара домбырасын алды.

Нұрмұхаммедәли Нұрлыбекұлы – Нұрлыбек Алдияров пен Батпа Қалдыбекованың көптен күткен ұлы. Үйдің отағасы “Петропавл электротехникалық зауыты” серіктестігінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.

БАТПА ҚАЛДЫБЕКОВА, қала тұрғыны:

– Жолдасым осы салада 20-дан асты. Нұрмұхаммедәли – 7 қыздан кейін көрген ұлымызы. Аман-есен көктемге жеткеніміз құтты болсын!

Жиналған жұртшылық бірден тараспады. Олар дастархандағы ас-судан дәм татты. Тамылжыта шырқалған ән тыңдады.

 

Байболат Култанов