Экология

“Табиғат күні” тақырыбында экосағат өтті

Қалалық 21-ші орта мектебінде 4-сынып оқушыларының қатысуымен ашық сабақ өтті. Сабақ облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастауымен ұйымдастырылды. Мақсаты – оқушыларды табиғатты қорғауға, тіршілік көзін үнемдеуге үйрету.

ВЛАДИСЛАВ ОРЛОВ, СҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Біз осындай шараларды білім беру мекемелерінде көптеп өткізу қажеттігін түсіндіргіміз келді. Себебі, балалар кішкентайынан табиғаттың байлығын сақтауды үйренуі керек. Табиғатты қорғай отырып өзімізді қорғаймыз. Осылайша, мәдениетімізді де арттырамыз.

Сабақты оқу тәжірибесінен өтіп жүрген университеттің 4-курс студенттері жүргізді. Студенттерге мектеп ұжымы көмектесіп, сабақты өткізуге ат салысқан. Жалпы, экосабақ 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде презентациялық таныстырылым мен мультфильм көрсетілді. Екінші бөлімде оқушылар 2 топқа бөлінді. Экологиялық мәселелер туралы викториналық сұрақтарға таласа-тармаса жауап берді.

– Сабақ маған ұнады. Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы көп дүние жасауға болатынын білдік.
– Біз планетамызды таза ұстауымыз керек. Сонда өміріміз таза әрі жарқын болады.
– Қоқыстарды жинайтын болсақ, біз жақсы өмір сүреміз. Денсаулығымыз мықты болады.

Ашық сағат соңында белсенді оқушыларға сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды. Мұндай экосабақ мектеп қабырғасында алғаш рет өтіп жатқан көрінеді. “Болашақта жиі ұйымдастыру жоспарымызда бар”,- дейді мектеп басшылығы.

 

Аснурия Абдула