Ауыл шаруашылығы

Облыс орталығында “Наурыз” жәрмеңкесі өтті

Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі шара әз Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Ірі сауда керуені М.Жұмабаев көшесі бойында орын тепті. 13 аудан және Петропавл қаласының саудагерлері сатылымға 400 тонна табиғи таза өнім шығарды.

Аққайың ауданының еңбеккерлері – жәрмеңкенің тұрақты қатысушысы. Бұл жолы аққайыңдық сатушыларға 3 шатыр бөлініпті. Онда 20-дан астам тауар түрі саудаланып жатыр.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– 3 тоннадай қара мал етін әкелдік. 700 келі қой еті мен 500 келідей шошқа еті бар. 3 тоннадай тауық еті де сатылып жатыр. Мал азығы бар 10 тоннаға тарта. Табиғи таза май мен ірімшіктің 1 тоннасы жәрмеңкеге жеткізілді. Көкөністен 5 тонна картоп әкелдік.

Жәрмеңкені балғын балсыз елестету мүмкін емес. Шатырлардың бірінде табиғи таза өнімді Ринат Сагутдинов сатуда. Келісі 2 мың теңгеден екен.

РИНАТ САГУТДИНОВ, “Сагутдинов” ЖК директоры:

– Бал өнімдерінің барлығын әкелдік. 30 жылдан бері ара шаруашылығымен айналысамыз. Омарта облысымыздың түкпір-түкпіріне қойылады. Былтыр Мамлют ауданында тұрды. Жауын-шашын уақытылы жауды. Өнімді жеткілікті көлемде жинадық.

Өз өнімін Тайынша ауданындағы “Племзавод Алабота” серіктестігі қас қағым сәтте сатты. 500 келіге жуық ірі қара етін тұрғындар 1800 теңгеден таласа алды.

ЕРЛАН АЛПЫСОВ, “Племзавод Алабота” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Өткен жылы серіктестік 90 жылдығын тойлады. Қазіргі таңда зауыт бүкіл Қазақстанға танымал. Қазір серіктестікте 4500 мың ақбас тұқымды ірі қара бар. Жәрмеңкеге апта сайын өнімдерімізді жеткіземіз.

Жәрмеңкеде тауық еті де зор сұранысқа ие болды. Жерлестерімізге “Жаңа құс” және “Солтүстік бройлер” құс фабрикасының өнімдері 1000 теңгеден берілді. Үйректердің келісі үшін сатушылар – 1700 теңге, ал қаз еті үшін 2300 теңге алды. Ал жұмыртқаның 1-ші санаттағы 10 данасы 400 теңгеге бағаланды.

Шатырлардан бөлек мұнда көкөніс артқан көліктер де баршылық. Сәбіздің келісі – 95, картоп – 100, пияз – 150 және қырыққабат 85 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы, бұл жәрмеңкеде тұрғындар өз қажеттісін алды. Ешкім де үйіне құр қол қайтқан жоқ.

– Жәрмеңкеде ет те көп, май, сүт, қымыз да бар. Ірімшік – бәрін алдық.
– 1800 теңгеге қара мал етін алдым. Тауық еті де жақсы екен. Ризамыз. Жәрмеңке болған сайын келіп, азық-түлік алып тұрамын.
– Ет үйде болса да тағы алдық. Бағасы арзандау болғаннан кейін. Жәрмеңкелер жиі болса жақсы болар еді.

Тұрғындармен бірге жәрмеңкені облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аралады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Біздің облысымыз – аграрлы өңір. Бүгінде мемлекет беріп отырған қолдау арқылы біз жаңа жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соңғы жылдары 7 бағыт бойынша 35 жоба іске қосылды. Бұл ауыл шаруашылығы саласының өркендеп дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы, жәрмеңкеге 100-ге тарта серіктестік қатысты. Олар өз өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20%-ға төмен бағамен саудалады.

 

Алдияр Айтпаев