Денсаулық сақтау

СҚО-да 26 тіс емдеу мекемесі МӘМС аясында қзмет көрсетеді

Қор аясында тегін стоматологиялық қызмет көрсететін 26 емдеу мекемесінің ішінде 18-і мемлекеттік, 13 аудандық және 3-і қалалық емхана бар. МӘМС жүйесі аясында стоматологиялық қызмет барлығына бірдей қолжетімді емес. Тегін көмекті халықтың белгілі бір санаты ала алады. Махаббат Ғабассова 1-ші қалалық емханаға тіркелген. Ол өзінің 6 жастағы қызын тісін емдетуге алып келген. Келіншектің айтуынша, медициналық сақтандыру қоры аясында тегін қызмет алу қарапайым халық үшін өте тиімді.

МАХАББАТ ҒАББАСОВА, қала тұрғыны:

– МӘМС жүйесі арқылы көптеген медициналық қызметті тегін алуға болады. Қызым көп тәтті жеп, тісін бүлдіріп алды. Бұған дейін жеке стоматологияға барғанбыз, бірақ ол жерде дұрыс емдемеді. Кейін біздің емхананың стоматологтары медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыс істейтінін естіп қуанып қалдым.

1-ші қалалық емханаға 66 мың 580 қала тұрғыны тіркелген. Медициналық мекеме балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлерден бөлек медициналық сақтандырылған азаматтарға да тегін стоматологиялық қызмет көрсетеді.

ГҮЛАЙЫМ ИСМАҒАМБЕТОВА, №1 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ТІС ДӘРІГЕРІ:

– Медициналық көмек алу үшін жеңілдікті санатқа жататын азаматтар міндетті түрде санатын растайтын құжаттарды көрсетуі тиіс. Айта кететін жайт, өмір бойы судья болып еңбек етіп, кейін зейнетке шыққан тұлғаларға ай сайынғы күтімге белгілі мөлшерде көмек көрсетіледі. Бұл тұлғалар тегін медициналық стоматологиялық қызмет ала алмайды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандарының айтуынша, өңірде 534 мың адам болса, соның 81,4 пайызы ғана медициналық тұрғыда сақтандырылған. Сақтандырылмағандар саны 99 мыңнан асып жығылады.

ЛАРИСА ГОРДЕЕВА, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» КЕ АҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

– Стоматологиялық қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың тізімін «fms.kz» ресми сайтынан табуға болады немесе емхана мамандарынан білуге болады. Тегін стоматологиялық қызмет алу үшін жолдаманың қажеті жоқ. Ең бастысы, науқас МӘМС жүйесінің стоматологиялық көмек алушыларының санатында болуы тиіс.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының мамандары азаматтардың кез келген сұрағына жауап береді. Өтініштер «fms.kz» сайтында, «qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы немесе 1406 нөмірі арқылы қабылданады.

 

Самал Жунусова