Сайлау

Сайлаудан қалыс қалма!

Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына тура 9 күн қалды. “Солтүстік Қазақстан облысының Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенова – осы саяси доданы асыға күтіп жүрген жандардың бірі. “Бірлік бар жерде тірлік бар” қағидасын ұстанатын ол 19-шы наурызда әр қазақстандық тіркелген учаскелерінде дауыс беріп, азаматтық белсенділік танытқанын қалайды.

ГАЛИНА СЕМЕНОВА, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Қазір біздің арамызда “менің даусым ештеңе шешпейді, сайлауға қатыспаймын” дейтін адамдар бар. Бұл – орынсыз пікір. “Отан отбасыдан басталады” дегендей, алдағы саяси додада әр адам ауқымды өзгеріске себепкер бола алады. Осыны түсіну қажет.

Тағы Галина Семенова тұрғындарды кандидаттармен жақынырақ танысуға шақырады. Белсенді жерлесіміз депутаттардың жаңа тәсіл бойынша іріктелетініне, үміткерлердің арасында болашаққа сеніммен қарайтын жастардың барына риза.

ГАЛИНА СЕМЕНОВА, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Бұл жолғы сайлауда шынайы бәсекелестік байқалады. Ал, ол болуы керек. Сонда ғана үміткерлер өз бағдарламаларына, берген уәделеріне зор жауапкершілікпен қарайды. Мұның соңында міндетті түрде нәтиже болады.

Айта кету қажетпіз, сайлау қарсаңында шекара асқан немесе бірқатар өзге елде бұрыннан жүрген отандастарымыз да саяси додада таңдау жасай алады. Қазір әлемнің 62 мемлекетінде 77 дауыс беру учаскесі құрылғаны мәлім.

 

Байболат Култанов