Спорт

Петропавлда қазақ күресінен республикалық турнир өтіп жатыр

Облыс орталығында қазақ күресінен Қожаберген жырау атындағы республикалық турнир бастау алды. Дүбірлі дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам спортшының басын біріктірді. Залда ине шаншар жер жоқ.

Бірінші болып боз кілемге 38 келі салмақ дәрежесінде астаналық пен ақмолалық палуандар шықты. Қос спортшы жастығына қарамастан шеберлерше күреседі. Бастапқыда өрендер бір-біріне лайықты қарсылық танытты. Бірақ, елордалық палуан шапшандығымен көзге түсуде. Осы қарқынмен көк киімдегі Расул Бауыржан жеңіске жеті.

РАСУЛ БАУЫРЖАН, турнирге қатысушы, Астана қаласы:

– Қарсыласымның бойы ұзын, кішкене мықтылау болды. Қобалжу, қорқыныш болды. Мен оны иықпен спинка әдісімен лақтырдым.

Келесі болып ортаға астаналық және теріскейлік саңлақтар шықты. Әрқайсысы намысты қолдан бермеуге тырысып жатыр. Бар күш-жігерін салуда. Елордалық Ислам Джуробаев қарсыласын соңғы сәтте тізе бүктірді.

ИСЛАМ ДЖУРОБАЕВ, турниге қатысушы, Астана қаласы:

– Мен қарсыласымды жамбасқа лақтырдым. Осы спортпен айналысып жүргеніме 2 жыл болды. Алда талай жарыстарға қатысып, атақты спортшы атанғым келеді.

Ұлттық спортты ұлықтап жүрген біраз балаларды көрдік. Дәстүрлі шара 6 жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Палуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетуде.

ДӘУРЕН НҰРҒОЖИН, турнирдің бас төрешісі:

– Пауландар белдескенде белдіктен төмен ұстауға болмайды. Әдістер тек қана тұрып жсалады. Тізеден отырып лақтыруға болмайды. Егер 3 минутта жеңімпаз анықталмаса, тағы 1 минут белдесу беріледі. Егер де одан ешкім жықпаса, онда кімнің салмағы жеңіл болады, сол жеңімпаз атанады.

Турнир 2 күн бойы жалғасады. Жарыс соңында спортшылар әр салмақ дәрежесі бойынша марапатталады.

 

Гульден Симбаева