Қоғам

Петропавлда 40 мыңға жуық адамның көлігі бар

Көлік салығын төлеу мерзімінің аяқталуы таяп қалды. Жеңіл және жүк автомобильдеріне белгіленген төлемді сәуірдің 1-іне дейін төлеу қажет. Тиісті мерзімде ақша аударылмаса, қарыз үстіне өсімпұл қосылады.
Соның өзінде өсімпұл үстіне өсімпұл қосылып, қарыз еселенген жағдайда іс сот орындаушыға жолданады. Сосын борышкерге қатысты түрлі шектеулер қойылады. Еске салайық, өсімпұл мөлшері 1,25 пайызды құрайды.

ӘЛІБЕК ҚАНИЕВ, Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:

– Петропавл қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы 2022 жылдың көлік құралдары салығын төлеу мерзімі 2023 жылдың 1 сәуірінде аяқталатынын хабарлайды. 2022 жылға есептелген салық сомалары туралы e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшаларынан білуге болады. Жақын арада Kaspi, Halyk Bank банктерінің қосымшаларында есептелген салық сомасы туралы хабарламалар жіберілетін болады.

Серік Камзиннің көлік тізгіндеп жүргеніне 30 жылдан асты. Осы уақыт ішіде бірде-бір рет қарызгер атанбаған. Тиісті салығын уақытында өтеп отырады.

СЕРІК КАМЗИН, қала тұрғыны:

– Осы көлігімді 2012 жылы алдым. Салығын төлеп отырамын. Өткен жылы осы уақытта есеп айырысқан болатынмын. Сіздердің есіме салғандарыңыз жақсы болды. Ақшаны мобильдік қосымша арқылы жолдауға болатынын білемін, бірақ, маған кеңсеге барған ыңғайлы.

Петропавлда көлігі бар жеке тұлғалар саны 40 мыңға жуықтайды.

 

Самал Жунусова