Өнеркәсіп

Мамлют ауданында жаңа мал сою қосыны іске қосылды

Мамлют ауданындағы “Мәмбетов и К” командиттік серіктестігінің қауқары жыл сайын артып келеді. Агроқұрылым аумағында ауыл шаруашылығы саласының жаңа бағыттары пайда болып жатыр. Мәселен, 2019 жылы мұнда тауарлы-сүт фермасы ашылды. Ал бүгін серіктестікте тиесілі мал сою қосыны жұмысын бастады.

АРЫСТАН ЖҮНІСОВ, “Мәмбетов и К” КС атқарушы директоры:

– Сойылған мал етімен негізінде өз жұмысшыларымызды тамақтандырамыз. Асханамыз күнделікті жұмыс істейді. Ертең көктемгі және күзгі дала жұмыстарында да ас-су тасимыз. Қыста жөндеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшыларды тамақтандырамыз. Одан қала берді ауыл тұрғындарына ет таратып, әлеуметтік көмек көрсетеміз. Соны ойлап, осы бір заманның талабына сай, таза қосын салдық.

Қазіргі таңда серіктестікте 2 мыңға тарта ірі қара мен 250 бас жылқы бар. Қосында Қамбар ата төлі мен симментал тұқымды сиырлардың қашары сойылады. Бір жастан асқан бұқалар бұған дейін жалпы көлемде басқа өңірлерге тірідей сатылыпты. Жаңашылдық арқасында қазір жергілікті 3 азамат екі қолға бір күрек тапты.


Әрине, малдар бірден сойылмайды. Бірінші кезекте төлдер тірідей арнайы ветиринарлық тексерістен өтеді. Сойылғасын да бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды.

ЛЮДМИЛА ЧЕРНОУСОВА, Мамлют аудандық ветеринарлық бекетінің директоры:

– Мал түрлі ауруға тыңғылықты тексеріледі. Бойынан ешқандай дерт анықталмаған малды ғана союға рұқсат етіледі. Жалпы, бұл қосынның ашылуын алыс-жақын ауылдағы тұрғындар асыға күтті. Себебі, бұған дейін жерлестеріміз малдарын сойып, оған ветеринарлық анықтама алу үшін Воскресеновка ауылына барып шығындалатын. Елді мекен Меңгесер ауылынан 70 шақырым жерде орналасқан.

Қосын заманауи, тиісті құрал-жабдықпен жабдықталған. Бұл бағытқа серіктестік 17 млн теңгеге тарта қаражат жұмсаған екен. Айта кетейік, қосынға жергілікті тұрғындар да өз малдарын әкеп, соя алады. Азаматтар ақысын төлесе, мұндағы қасапшылар қас пен көздің арасында етті дұрысынан бұзып береді. Осы жерде ветаринарлық анықтама да беріледі.

 

Алдияр Айтпаев