Спорт

Петропавлдық конькимен жүгіруші халықаралық жарыста топ жарды

Жерлестеріміз байрақты бәсекеде ел мерейін асырған Варвара Глухованы қарсы алуда. Қолдарына сыйлық пен гүл ұстаған жандар – чемпион қыздың жақындары мен достары. Айта кеткен жөн, петропавлдық конькимен жүгіруші Ресейдің Кемерово қаласында өткен II қысқы “Азия балалары” жарысында топ жарды. Ол 4 шақырымға жүгіріп, 7 елдің мықтыларын мойындатқан.

ВАРВАРА ГЛУХОВА, халықаралық жарыстың жеңімпазы:

– Сайыс өте тартысты да қызықты өтті. Менде қорқыныш сезімі басым болды. Сөйтетұра басты мақсатым ел намысын қорғау еді. Сондықтан, бар ынта-жігерімді салдым. Соңғы минуттарда алға шығып, қарсыластарымды басып оздым.

Шәкіртінің жарқын жеңісіне бапкері дән риза. Варвара Ольга Ихтендристің қол астында 5 жастан жаттығады. 10 жылға тарта уақыт ішінде екеуі бірталай белесті бағындырыпты.

ОЛЬГА ИХТЕНДРИС, Варвара Глухованың бапкері:

– Варвара – ынталы және қайсар спортшы. Оның дарынды қыз екені бірден байқалды. Қазіргі таңда шәкіртім спорт шеберіне үміткер. Алда әлі талай белесті бағындырамыз.

Жалпы, II қысқы “Азия балалары” жарысында ел намысын 10 спортшы қорғады. Қоржынға 3 алтын, 5 күміс, 6 қола медаль түсті. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 6-шы сатыдан көрінді.

 

Аснурия Абдула