Экономика және қаржыҚоғам

Петропавлда ұлттық жоба аясында 60 мемлекеттік грант беру көзделген

Елімізде кәсіп бастағысы келетін жандарға көрсетілетін қолдау жылдан-жылға артып келеді. Әлеуметтік осал топтан шыққандар да назардан тыс қалмайды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында олардың қайтарымсыз грант алуға мүмкіндіктері бар. Ақпанның 20-сы күні бірінші легі басталып, өңірде 40 адам өтініш беріпті.

РУСЛАН ДЕЙНЕКО, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Бұл грант тұтынушылық қажеттіліктерге берілмейді. Тек мал, құс, өсімдік шаруашылығы мен қажетті жабдықтарды сатып алу мақсатында рәсімделеді.

Еске салсақ, гранттың максималды мөлшері 400 АЕК, яғни 1 млн 380 мың теңгені құрайды. Былтыр солтүстікқазақстандықтардың дені тігінші мен кондитерлік кәсіп ашу үшін грант алған. Өтеусіз грантты жұмыссыздар мен 3 жыл бұрын кәсіп бастаған азаматтар да ала алады. Сондай-ақ, биылдан бастап грант тағы кімдерге беріледі?

ЕРЛАН ҚАЙЫРБЕКОВ, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының кеңесшісі:

– Бұл бағдарламаға 2023 жылдан бастап азаматтардың мынадай санаты қатыса алады: жұмыссыздар, 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, көпбалалы тұлғалар, көпбалалы жәрдемақы алушылар. Қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеушілер және т.б.

Сонымен қатар, үміткерде “Бизнес Бастау” жобасы бойынша оқығаны жайлы сертификат болуы қажет. Оны “Business Enbek” онлайн платформасында арнайы курстардан өтіп, алуға болады.

РУСЛАН ДЕЙНЕКО, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Оқыту курсының ұзақтығы – 14 күн. Барлығы тегін және онлайн форматта өтеді. Ол үшін электрондық порталға кіріп, тіркеліп, курстарға жазылу қажет. Кейін азаматтар сертификат алып, мемлекеттік грантқа үміткер атанады.

Келесі оқыту курстары мамырдың 15-інде басталады. Жалпы, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыс орталығында 60 мемлекеттік грант беру көзделіп отыр. Оған 82 млн 800 мың теңге бағытталып отыр.

 

Самал Жунусова