Экономика және қаржыАуыл шаруашылығы

Өзге өңірлер СҚО-ның тәжірибесін қайталамақ

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Ауқымды жобаға енгізу мақсатында әкімдіктер іріктеп алған жобалар жинағы талқыланды. Ауқымды жоба – СҚО-ның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру тәжірибесін қайталау, оның негізгі міндеті – елдің ішкі нарығын толықтыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіріп, ауылда жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру сынды бағыттардан тұрады. Осы тетікті пайдаланудың нәтижесінде 2 жыл ішінде Солтүстік Қазақстанда 21 тауарлы-сүт фермасы салынды. Бүгінде шамамен 648 мың тонна сүт немесе ел бойынша өндірістің 10,3%-ы біздің өңірде өндіріледі. Ауқымды жобаның мақсаты – өзге облыстарда сүт тауарлары фермалары мен көкөніс сақтау қоймасын және құс етін өндіретін фабрикалар мен балық өсіру бастамаларын іске асыру. Кеңесте ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов атап өткендей, тың бағдарламаны жүзеге асыру үшін 100 млрд теңге бюджет несиесі бөлінеді.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Жиырма өңірдің әкімдіктері жалпы сомасы 415,7 млрд теңгеге жобалар ұсынды. Алайда, бюджетпен 100 млрд теңге бөлу мақұлданды. Осыған орай, биыл бөлінген қаражатты сүт тауарлары фермаларын салуға бағыттауды қарастыруды ұсынамыз. Одан кейінгі жылдары кезең-кезеңмен басқа мәселелер де шешілмек.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, іске асыруға неғұрлым дайын және белгілі бір инфрақұрылымы бар жобалар жинағын іріктеп алу үшін оларды қайта қарауды тапсырды.

 

Алдияр Айтпаев