МәдениетҚоғам

Мәдениет басқармасының жұмысы қорытындыланды

Облыстық кітапхана қабырғасында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жыл бойы атқарған жұмысы қорытындыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қатысты. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, өңірде 14 архив бар. Соның 13-і аудандарда орналасқан. Жергілікті архив жүйесінде
1 млн-нан астам құжат сақтаулы.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Қазіргі таңда архив қоймалары 100%-ға толып тұр. Осы мәселені облыс әкімдігіне ұсындық. Енді осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа ғимараттар бойынша жобаларымыз бүгінгі күннің мәселесі болып тұр. Енді тағы бір үлкен жұмысымыз – архив құжаттарын сандық форматқа көшіру мәселесі. 2 млн-ға жуық құжатымыздың 4%-ы сандық құжатқа көшірілді.

Сонымен қатар, жиында мемлекеттік тіл жайында да сөз қозғалды. Өңірде өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін меңгеруге деген құлшыныстары артып келеді. Өткен жылы облыстық тілдерді оқыту орталығына 3 мыңға жуық адам келген. 71 топтың 61-і қазақ тілінде оқыпты. Өңірде “Қазақ тілі” қоғамының филиалы жұмыс істеп тұр. Оған 900-ден астам адам мүшелік етеді. Аудандарда аталған ұйымның филиалдары бар. Қазіргі мақсат – мемлекеттік тілді тек тұрмыста ғана емес, түрлі салада қолдану деңгейін арттыру. Сондай-ақ, басқарма тарапынан инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілуде.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Жыл сайын инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудамыз. 2020-2022 жылдары аралығында жалпы сомасы 8 млрд 526 млн теңгеге 71 жоба іске асырылды. Оның ішінде 60 жоба ауылдық елді мекендерде болса, 11-і – облыс орталығында.

Осы жылы ақын-жазушылардың құрметіне біршама жиын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, бас алаңда дәстүрге айналған «Qyzyljar Music fest» халықаралық фестивалі ұйымдастырылмақ.

 

Гульден Симбаева