Құқық қорғау органдары

Қалалық полиция басқармасындағы тергеушілердің 28-і-әйел адамдар

Қалалық полиция басқармасында 186 әйел адам жұмыс істейді. Оның 28-і – тергеушілер. Шен таққан қыз-келіншектердің көпшілігі ювеналды полиция, көші-қон қызметі, әкімшілік полиция қатарында еңбек етеді. Нәзікжандылардың тәжірибесі мол, 8-і – подполковник. Қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Теміреев жаратылысы нәзік, бірақ, қайсар да қайратты әріптестерін мерекемен құттықтады.

САҒЫНДЫҚ ТЕМІРЕЕВ, қалалық ПБ бастығының орынбасары:

– Ана деген бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді деген. Баршаларымыздың аналарымыз аман болсын! Әрбір шаңырақта отбасын, ошақ қасын сақтайтын аналарға зор денсаулық, қажымас қайрат, әрқашанда ұл-қыздарыңыздың бақытын көріп, жүздеріңізден күлкі кетпей, көктемдей гүлдеп, жадырап жүре беріңіздер демекпіз.


Әдемау Меңдібаева – полиция майоры. Ол осы салада 20 жыл бойы еңбек етеді. 5 баланың анасы.

Әдемау Меңдібаева, қалалық ПБ инспекторы:

– Менің міндетім – бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу. Сондай-ақ, қалалық басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларына жауап беремін. Бүгінде 26 аккаунтымыз бар.

Жиында 38 қыз-келіншек алғыс хатпен марапатталды.
Араларында офицерлер, сержанттар, мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер мен тәртіп сақшыларының аналары да бар.