СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Үкімет отырысына қатысты

Үкімет отырысына қатысқан СҚО әкімі алдымен 4 мектепте орын алған төтенше жағдай бойынша есеп берді. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бүгінгі күні оқушылардың барлығы ауруханадан шығарылды. Жағдайлары орташа. Дәрігерлік-консультациялық комиссия білім алушыларға сабақты әзірге қашықтан оқытуды ұсынды. Сондай-ақ, аймақ басшысы оқу ордаларында қауіпсіздікті күшейту бойынша қандай шаралар жүзеге асырылып жатқанын баяндады.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

– Құқық қорғау органдарының және әлеуметтік-психологиялық қызмет мамандарының қатысуымен білім беру ұйымдарының басшыларымен балалардың қауіпсіздігін күшейту жөнінде кеңестер өткізілді. Қорытындысы бойынша қосымша профилактикалық шаралар кешені әзірленді.

Облыс әкімі барлық ұйым бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Петропавл қаласында орналасқан 79 нысан полиция департаментінің жедел басқару орталығының бақылауына алынған. Сондай-ақ, аудан орталықтарында да камералар полиция бөліміне шығарылған.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

– Дабыл түймелері 178 объектіде орнатылған. Сондай-ақ, дабыл түймелерін қосымша орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, қажетті мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін осы жылы конкурстық рәсімдер жарияланды. 230 млн теңге бөлінді. Конкурстық рәсімдерді осы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.