БілімМәдениет

Халықаралық әйелдер күніне орай көрме қанат жайды

Облыстық кітапханада 8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай “Бар әсемдіктің бастауы – әйел” атты кітап көрмесі қанат жайды. Мұнда 100-ге жуық тырнақалды туындыны кездестіруге болады. Олар бірнеше тілде жазылған.

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Қолымдағы кітап “Ұлы даланың Ұлы қыздары” деп аталады. 264 беттен тұратын кітапта бұрынғы кездің батыр қыздары жайлы 3 тілде жазылған. Бұл жинақ 3 томдық.

Тақырыптар да әр түрлі. Шалқар шабыт иелері бала мен ана махаббаты, нәзікжандылардың қоғамдағы рөлі, күміс көмей әншілердің өмірі жайлы біраз дүние жазыпты. Көрмеде теріскейлік ақын-жазушылардың да еңбектерін кездестірдік.

КӘМШАТ ӘБІЛКӘРІМОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың библиографы:

– Сонымен қатар, өнерде іздерін қалдырған әйелдер жайлы танысуға болады. Соның ішінде Бибігүл Төлегенова, Хабиба Елебекова деген ханымдарға бөлек кітап шығарылған болатын. Мұнда тек еліміздің емес, Ресей елінің жазушыларының да шығармалары тұр.

Көрме осы жұманың соңына дейін жалғасады. Кейін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған кітап көрмесі қанат жаймақ. Сөз соңында айта кетейік, өткен аптада облыстық кітапхана қоры түрлі жанрдағы мыңға жуық еңбекпен толықты.

 

Гульден Симбаева