Қоғам

Облыс әкімі әйелдер қауымын құттықтады

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров әйелдер қауымын мерейлі мерекемен құттықтады.

Мына салтанат әлемнің жарығын сыйлаушы жандарға арналады. Жүрекке жетер музыка, гүл таратып жүрген жігіттер Халықаралық әйелдер күніне ерекше сән беріп тұр. Жұртшылық жиналғасын кештің негізгі бөлімі де басталды. Концерт залындағы аяулы аналар мен сымбатты қыз-келіншектерді шуақтың көктемнің мерекесімен облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Бүгінде мемлекетіміз отбасына, ана мен балаға бар жағдайды жасауда. Елімізде шығармашылық пен кәсіпті дамытуға мүмкіндіктер мол. Әр жасаған қадамдарыңыз оң болсын, еңбекте зор табыс тілеймін. Көктем мейрамы сіздерге бақыт пен қуаныш әкелсін. Мерейлеріңіз әрқашан үстем, жүздеріңіз жарқын болсын! Жанұяларыңызға береке мен молшылық тілеймін.

Халықаралық әйелдер күнінде 40-тан аса жан марапатқа ие болды. Алдымен алты бала туып, тәрбиелеген аналарға «Күміс алқа» табыс етілді. Кейін ортаға облысты әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамытуға зор үлес қосқандар шықты. Оларға өңір жетекшісінің “Құрмет грамотасы” табыс етілді. Мерейі үстем болғандардың бірі – сылақшы-сырлаушы Қарлығаш Төлебава.

Құрылыс саласында 25 жылдық тәжірибесі бар азаматша осыдан 10 жыл бұрын Петропавлға сонау Алматыдан Назарбаев мектебін салу үшін келіпті. Оңтүстік астанаға оралмауына себеп – теріскейден өмірлік серігін табуы. Солтүстіктің ауа райына әбден үйреп кеткен нәзікжанды қазір «Зерттеу СК» серіктестігінде еңбек етеді. “Арпа ішінде бір бидай” демекші, ұжымдағы жалғыз әйел адам өзі екен.

ҚАРЛЫҒАШ ТӨЛЕБАЕВА, «Зерттеу СК» ЖШС сылақшы-сырлаушысы:

– Құрылыс саласы өте қиын. Біз ер азаматтармен бірдей жұмыс істейміз.

Мерекелік кеште аудандардан келген азаматшалар да құрметке бөленді. Аққайыңдық Надежда Лосинская – жеке кәсіпкер. Оны көпшілік қайырымды жан ретінде таниды. Жерлесіміз талай жанның жүзіне қуаныш сезімін сыйлапты.

НАДЕЖДА ЛОСИНСКАЯ, жеке кәсіпкер, Аққайың ауданы:

– Бұрын өзім аудандық орталық дәріханада еңбек етті. Уақыт өте келе дәріхана жабылып, жұмыссыз қалдым. Сол сәтте жеке кәсіппен айналысу жайлы ой келді. Аяққа тұрдық. Қазір бірнеше сауда нүктеміз бар. Қазір түрлі мерекелерді ұйымдастыруға жәрдемдесемін, балаларға, үлкендерге үнемі сыйлық табыстаймын.

Бүгінгі мерекені ән мен бисіз елестету мүмкін емес. Құттықтаудан кейін сахнаға теріскейлік таланттар шығып, аяулы азаматшалардың құрметіне тамылжыта шырқады, мың бұрала биледі.

 

Байболат Култанов