Сайлау

Депутаттыққа үміткер Полудино ауылының тұрғындарымен кездесті

Ауылдағы ағайынға таза ауыз су жеткізу, интернеттің сапасын арттыру, жолдарды ретке келтіру. Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің сайлауалды жұмыстары жалғасуда. Бүгін кандидаттардың бірі Мұхтар Серікпаев М.Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылының тұрғындарымен жүздесті.

МҰХТАР СЕРІКПАЕВ, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

– Президентіміз 3 басты принципті айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет ішінде, қоғам арасында және экономикада әділдік болуы керек деді. Өз басым да еліміздегі жемқорлық тыйылса деймін. Екіншіден, мәселе осы солтүстік өңірде аса өткір тұр. Өңірде жыл сайын су басу қаупі туындайды. Сондай-ақ, кейбір ауылдағы ағайын таза ауыз суға, көшелерді жарықтандыруға қол жеткізе алмай отыр.

Азамат – Қызылжар ауданындағы Пеньково ауылының тумасы. Бұған дейін үміткер әскери қызметте еңбек еткен. Ал қазір зейнеттегі полковник өз саласын зерттеп, ғылыммен айналысуда. Мұхтар Серікпаевты қазір еліміздің сыртқы және ішкі қауіпсіздігі бірінші кезекте алаңдатып отыр.

МҰХТАР СЕРІКПАЕВ, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

– Қауіпсіздік бағытында шешілуі тиіс мәселелер көп. Ең біріншіден, шекараны нығайту керек. Ал ел ішінде алысқа бармай-ақ, өз өңірімізді алар болсақ, қоғамда түрлі жағдайлар орын алуда. Жақында мектептегі болған жағдай, облыс орталығындағы адам өлтіру фактісі. Өндіріс орындарында да жаға ұстатар жайттар орын алуда. Бұл мәселлерге үкімет те, халық та баса назар аударулары керек.

Полудино ауылының тұрғындары саяси науқаннан қалыс қалмай, дауыс беруге бірадамдай қатысамыз деп отыр. Ағайын депутаттық орындыққа кім келсе де ел мен халық үшін аянбай тер төккенін қалайды.

ВАЛЕНТИНА ЛАТАТУЕВАС, Полудино ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Өзім сайлаудан қалмаймын. Барып, өзім білетін, танитын үміткерге дауыс беремін. Саяси науқанда әрбір адамның мойнына жауапкершілік жүктеледі. Әрбіріміз ел болашағы үшін дауыс береміз.

Кейіннен үміткер ауылдағы тауарлы-сүт фермасының жұмысшыларымен кездесті. Онда ағайын халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында депутаттар атқаратын бірқатар жұмыстарды жіпке тізді.

 

Алдияр Айтпаев