Ауыл шаруашылығыҚоғам

Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген нәзікжандылар

Любовь Акст жақында 60 жасқа толды. Сүйікті жұмысы бар. Сондықтан, зейнетке шығуға асықпайды. Ал жанұясы оны әрдайым қолдайды. Нәзікжанды 40 жылдан астам «Заградовское» сүт-тауарлы фермасында зоотехник болып еңбек етеді.

ЛЮБОВЬ АКСТ, «Заградовское» ЖШС бас зоотехнигі, Есіл ауданы:

– Бұл серіктестікке 1981 жылы мектеп бітірген соң келдім. Бірден зоотехник болып орналаса алмағасын бастапқы кезеңде аспаз болып қызмет еттім. Кейін Покровкадағы техникумға оқуға түстім. Ондағы мұғалімдер таң қалғаны әлі есімде. Себебі, менің аттестатымдағы бағалармен басқа мамандыққа түсуге болар еді.

Ауыл шаруашылығы саласын жаны сүйетін қыз техникумды аяқтағасын осы серіктестікте есепші, кейін технолог болып еңбек еткен. Қазір білікті зоотехник. Жинаған тәжірибесін жастармен бөліседі. Өкінішке қарай, қазір нәзікжандының ізін қуғандардың саны өте аз.

ЛЮБОВЬ АКСТ, «Заградовское» ЖШС бас зоотехнигі, Есіл ауданы:

– Жыл сайын өңірдегі колледждерге барып, жастарды жұмысқа тартамын. Бірақ, көбісінің ауылда жұмыс істегісі келмейді. Қазір кадр тарту үшін шаруашылықтар түрлі жағдайлар жасауда. Мысалы, біздің басшылық білім алып жүрген қыз-жігіттерге стипендия төлейді. Барлығын өз қажеттіліктері бойынша қамтамасыз етеміз.

«Заградовское» сүт-тауарлы фермасында Людмила Күзнецова да еңбек етеді. Серіктестікте жұмыс істеп жүргеніне биыл – 17 жыл. Жұмысы өзіне қатты ұнайды.

ЛЮДМИЛА КУЗНЕЦОВА, «Заградовское» ЖШС зоотехник-селекционері, Есіл ауданы:

– Зоотехник-селекционердің басты мақсаты – сиырлар мен бұзаулардың арасындағы байланысты сақтау. Яғни, малдарды сұрыптау, оларды төлдету, әрі қарай бірге өсуіне жағдай жасау. Жолдасым да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Ол – біздің округтің мал дәрігері.

Қос кейіпкеріміз нәзікжандылар деген сөз түсінік қана дейді. Олар әйелдер қауымының әр салада еңбек ете алатынын айтады.

 

Самал Жунусова