Спорт

Петропавлдықтар шаңғы тебуден жарысты

Сенбі күні спортқа құмар жерлестеріміз Борки кентіне жиылды. 30-ға тарта солтүстікқазақстандық шаңғы теуіп жарысты. Сайысқа спортпен кәсіби түрде және әуесқой ретінде айналысатын жандар қатысты. Көпшілік арасында спорт ардагері Виктор Бондаренко да бар.

ВИКТОР БОНДАРЕНКО, спорт ардагері, ҚР еңбек сіңірген бапкері:

– Бұл – дәстүрлі сайыс. Жыл сайын қыстың соңында ұйымдастырылады. Себебі, 10-15 күннен кейін қар еріп, қыспен қош айтысамыз. Үйден шығып, таза ауамен демалып, табиғатта серуендегенге не жетсін?! Біз солтүстік өңірдің тұрғыны ретінде қысқы спортқа жақын болуымыз керек.

Қатысушылар 800 метрді бағындырулары тиіс. Ара қашықтық айтарлықтай алыс емес. Мәре сызығын кейбір қатысушылар қас пен көздің арасында кесті. Жылдамдығымен Ренат Тагиров көзге түсті. Азамат – қысқы президенттік көпсайыстан спорт шеберлігіне үміткер.

РЕНАТ ТАГИРОВ, қысқы президенттік көпсайыстан спорт шеберлігіне үміткер:

– Шаңғы жарысына бет бұрғаныма көп болды. Бұл өте пайдалы спорт түрі. Бүгінгі сайысқа өз қарым-қабілетімді бағалау үшін қатыстым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ауа райы да тамаша. Жерлестеріміз әркез спортпен айналысулары керек. Ол үшін осындай сайыстар ұйымдастырып отырудың маңызы зор.

Бұл сайыста ерлермен қатар нәзікжандылар да сынға түсті. 55 жастағы Евгения Холодных 800 метрді оңай бағындырды.

ЕВГЕНИЯ ХОЛОДНЫХ, қала тұрғыны:

– Спортты жаным сүйеді. Әрқашан қимыл-қозғалыста болайық. Бүгінгі сайыс өзіме ұнады. Мол энергия алдым.

Жерлестеріміз жыл сайын көктемде шаңғы тәуіп жарысады. Дәстүрлі сайыс қатысушыларының саны жыл санап артып келеді екен.

 

Алдияр Айтпаев