Мәдениет

Петропавлда республикалық “Татар аруы” байқауы өтті

Татар халқының түрлі тәтті тағамы, ұлттық киімдері, ән мен биі. Осы аталым бойынша бұрымдылар облыс орталығында өткен республикалық «Татар аруы» байқауында өнерлерін паш етті. Ереже бойынша қатысушылар өздерін татар тілінде таныстырулары қажет.

Сахнада – 6 жасар Тамила Ринатова. Балғын қыз өзін қазылар алқасына таныстырып жатыр. Конкурсқа анасымен бірге біраз дайындалыпты. Үйінен татардың тәтті бәліші «Учпучмак» дайындап әкелген. Өзі аспаздыққа жақын екен.

ТАМИЛА РИНАТОВА, байқауға қатысушы:

– Би билегенді де ұнатамын. Бүгін “Апипа” биін билеймін. Одан кейін қазылар алқасына “Учпучмак” тағамын таныстырамын. Жақсы дайындалып келдім. Жеңіске жетемін деген ойдамын.

Қатысушылардың ұлттық киімдері көздің жауын алады. Жиналғандар қыздарды барынша қолдауда. Қатысушылардың бірі Сафия Исмагилова тіпті Ақтөбе қаласынан келген.

САФИЯ ИСМАГИЛОВА, байқауға қатысушы, Ақтөбе қаласы:

– Бұл жарысқа әпкеммен бірге келдім. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып жатырмын. Тағамдардан өзіммен бірге бәліш, токмач ала келдім. Неге осы тағамдар дейсіз ғой? Біз отбасымызбен бәліш пісіргенді ұнатамыз.

Додаға 4 пен 12 жас аралығындағы 12 қыз қатысып жатыр. Қазылар алқасы ең бастысы қыздардың әзірлеп әкелген тағамдарын және ұлттық киімдерін бағалайды.

НАИЛЬ АБРАЕВ, байқауды ұйымдастырушы:

– Бұл байқау 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Көбісі, “Татар жігіті” деген байқауды неге өткізбейсіздер деп сұрайды. Алдағы уақытта да ер балалар арасында байқау өткізуді жоспарлап отырмыз. Қыздар ата-бабамыздан келе жатқан салт- дәстүрлерді білуі қажет.

Шара соңында байқау жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табыс етілді.

 

Гульден Симбаева