ҚоғамСайлау

Өз таңдауыңды жаса!

Қазақстанда Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына 12 күн қалды. Саяси дода жақындаған сайын партиялар мен кандидаттар арасында үгіт-насихат жұмыстары қыза түсуде. Оның бәрінен республикалық тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының төрағасы Евгений Кинцель хабардар. Жерлесіміз теріскейліктерді сайлау күні учаскелерге ағылып, көңілден шыққан үміткерге дауыс беруге шақырады.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, республикалық тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының төрағасы:

– Бізді алда өте маңызды іс-шара күтіп тұр. Осы наурызда біз халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жандарды таңдамақпыз. Бұл жерде әр адам жауапкершілікті сезінуі тиіс. Егер барлығын сабырмен саралап, сабақтап, елдің еңсесін тіктеуге жәрдемдесетін азаматты депутат етсек, жаңа Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге аз да болсын үлес қосамыз. Осыны жұртшылық ұғынса деймін.

Алдағы сайлау – ауқымды өзгерістердің бастауы. Дәл осындай пікірдегі Евгений Кинцель арнамызға берген сұхбатында саяси додадағы әділдік мәселесіне жеке тоқталды. Оның сөзінше, ашықтық пен мөлдірлік қана халық қалаған депутаттардың сайлануына, түптеп келгенде, еліміздің одан әрі дамуына септеседі.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, республикалық тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының төрағасы:

– Алдағы сайлау әділ өтеді деп сенемін. Саяси доданы бақылаушылар мұқият бақыламақ. Олардың ішінде шетелдіктер де болады. Егер қандай да бір бұзушылық тіркелсе, ол жағдай жариялануы тиіс. Біз сонда ғана әділдікке қол жеткізе аламыз. Өзге елдер де біз туралы дұрыс ойлайтын, жоғары баға беретін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс жаңа форматтағы сайлауы наурыздың 19-ы күні өтеді. Онда 300 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың дауыс беруге құқығы бар.

 

Байболат Култанов