Мәдениет

Облыстық филармонияда «Арулар, асыл жандар» атты концерт өтті

Жергілікті эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен облыстық филармонияда «Арулар, асыл жандар» атты концерт өтті. Бағдарламаның негізгі көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Кешті Ақан сері атындағы облыстық филармонияның ұжымы 8 Наурыз мерекесіне арнап ұйымдастырған.

Ботагөз Ақмағамбетова, облыстық Ақан сері атындағы филармонияның директоры:

– 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алдымызда орыс халық аспаптары оркестрінің кеші өтеді. Бүгін – эстрада-симфониялық оркестрдің кеші. Бас дирижер – Абзал Мұхитдин. Салтанатты шараға “Астана Опера” театрының әншілері қатысады.

Филармонияның солистері әннен шашу шашып, өнерлерін паш етті. Сахнаны мерекелік көңіл-күймен әрледі. Сонымен қатар, арнайы шақырылған кеш қонақтары да болды. Олар: елордалық Илья Макаров, Василий Упоров, Владислав Чижов.

ИЛЬЯ МАКАРОВ, “Астана Опера” театрының әншісі, Астана қаласы:

– Біз бүгін баршаға танымал әндерді шырқаймыз. Федор Шаляпиннің “Вдоль по Питерской” туындысын, Александр Пушкиннің “Евгений Онегин” романынан алынған үзінді “Любви все возрасты покорны” атты операсын орындаймын. Бұл әндер әйелдер қауымының жүрегіне өте жақын.

Концерт бағдарламасы екі бөлімнен тұрды: классикалық және заманауи әндер. Классикада Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Чайковский, Жак Офенбаха және Джузеппе Вердидің опералары шырқалды. Келесі бөлімде қазіргі заманның танымал туындылары орындалды.

МАХАМБЕТӘЛІ ӘБІЛДӘ, облыстық Ақан сері атындағы филармонияның әншісі:

– Бүгінгі концерт өте ерекше. Мен Джордж Бенсонның “Nothing Gonna Change” атты әнін орындаймын. Арнайы әйелдер қауымына арналған. Ал енді сіздерді келіп жеткен мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Денсаулықтарыңыз мықты болып, құлпырып жүре беріңіздер.

Гүлдей құлпырған нәзікжандылар ерекше құрметке бөленді. Сахна ханшайымдарына гүл шоқтары тарту етілді. Тыңдармандар концерт өз пікірлерімен бөлісе кетті.

– Концерт ұнады. Келген әншілердің шығармалары өте керемет.
– Тамаша өтіп жатыр. Музыканттар мен әншілердің өнерлері өте әсерлі.
– Әртістердің өзін-өзі ұстауы, әндері көңілім шықты. Мұндай әндердің тұрақты тыңдарманы емеспін. Бірақ, алдағы уақытта жиі келуге тырысамын.

Әсем әуен мен әйелдер қауымының ғаламат сұлулығы ерекше үйлесім тапты. Кеш соңында ду қол шапалақ соғылды. Күлімсіреген көрермендер мен өнер иелері қимай-қимай қоштасты.

 

Аснурия Абдула